
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Вакцинация: денсаулықты қорғау және жұқпалы аурулардың алдын алу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Брифингте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнара Жүнісова өңірдің 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға дайындығы, тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу және халықты вакцинациялаумен қамту жұмыстары туралы баяндады.
Қазіргі таңда облыста эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында 305 егу кабинеті ұйымдастырылып, науқастарды емдеуге арналған 301 инфекциялық төсек-орын қарастырылған. Сонымен қатар тұмауға қарсы 160 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы жеткізілді. Ең алдымен жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар азаматтар мен 65 жастан асқан тұрғындар вакцинациямен қамтылады.
Бұдан бөлек, Ұлттық егу күнтізбесі аясында балалар мен ересектерге бірқатар жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпелер тегін жүргізіледі. Оның ішінде туберкулез, қызылша, қызамық, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және басқа да инфекцияларға қарсы вакциналар бар.
2026 жылғы 5 қазандағы мәлімет бойынша, облыста профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші 69,1%-ды құраған. Жалпы 120 226 адамның 83 030-ы вакцинациядан өткен. Ал мемлекеттік медициналық ұйымдарда бұл көрсеткіш 72,5%-ға жеткенін Гүлнара Жүнісова атап өтті.
Сондай-ақ өңірде тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған 129 семинардың 53-і өткізіліп, медицина қызметкерлеріне 128 нұсқама берілді.
Брифинг соңында тұрғындарға тұмауға қарсы екпені уақытылы алу және балалардың Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинациядан өтуі маңызды екені айтылды. Мамандардың айтуынша, вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алып, денсаулықты қорғаудың тиімді жолы.


