
Жаңа Конституцияның қоғамдағы тағы бір маңызды рөлі – азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Әр адам өзінің құқықтары мен міндеттерін біліп, заң талаптарын құрметтеуі керек. Құқықтық сауатты қоғамда әділетсіздікке, жемқорлыққа, заңсыздыққа және жауапсыздыққа орын болмауы тиіс. Заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау – елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің кепілі.
Конституциялық жаңғырудың табысты болуы халықтың белсенділігіне де байланысты. Азаматтардың қоғамдық мәселелерді талқылауға қатысуы, ел тағдырына бейжай қарамауы және ортақ іске жауапкершілікпен қарауы демократиялық құндылықтарды нығайтады. Өйткені мемлекеттің болашағы – билік пен халықтың өзара сенімі мен бірлігіне негізделеді.
Жаңа Конституция – ел дамуының құқықтық негізін жетілдіруге, әділетті қоғам қалыптастыруға және азаматтардың болашағына сенім ұялатуға бағытталған маңызды құжат. Оның негізгі қағидаттары күнделікті өмірде жүзеге асып, әрбір азаматтың құқығы қорғалғанда ғана шынайы нәтижесін береді. Конституцияны құрметтеу – мемлекетті құрметтеу, ал оның талаптарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті деп білемін.
Күмісбек Ербаев,журналист.


