
2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының маңызды бағыттарымен қатар, қоғамның әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты мәселелерге де ерекше назар аударылды. Соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету мәселесі – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды бағыттардың бірі.
Ерекше балаларға қамқорлық жасау тек мемлекеттің, арнайы мекемелер мен мамандардың міндеті ғана емес. Бұл – тұтас қоғамның адамгершілік ұстанымы мен азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Өйткені әрбір бала өзінің ерекшелігіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге, сапалы білім алуға, қоғамның толыққанды мүшесі болуға және өз қабілетін жүзеге асыруға құқылы. Мұндай балаларға түсіністікпен қарап, оларды қоғамнан оқшауламай, керісінше, ортаға бейімделуіне жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет.
Сонымен қатар ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға да жан-жақты қолдау көрсету маңызды. Себебі баланың дамуы мен әлеуметтенуінде отбасының орны ерекше. Ата-аналарға қажетті психологиялық, әлеуметтік және педагогикалық көмек қолжетімді болса, олардың да бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі мен мүмкіндіктері арта түседі.
Президенттің бұл мәселеге басымдық беруі – мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы жауапкершілігін айқындайтын маңызды қадам. Алайда ең бастысы – айтылған бастамалардың нақты нәтижеге ұласуы. Ол үшін еліміздің барлық өңірінде оңалту және қолдау орталықтарының қолжетімділігін арттырып, инклюзивті білім беру сапасын жақсарту, білікті мамандардың көмегін кеңейту және әрбір баланың жеке қажеттілігіне сай жағдай жасау қажет.
Ең бастысы, баланың диагнозы оның болашағын айқындамауы тиіс. Ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың бойында ашылмаған қабілет, жүзеге аспаған мүмкіндік, орындалуды күткен арман бар. Сол қабілетті танып, мүмкіндігін дамытуға жол ашу – тек бір отбасының немесе мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның міндеті. Себебі қоғамның шынайы өркениеттілігі оның әлсізге жасаған қамқорлығымен, әр адамның қадір-қасиетін қаншалықты бағалайтынымен өлшенеді. Әр балаға өз орнын табуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыра алсақ, біз мейірімді әрі әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасаған боламыз.


