Коронавирус індеті жаһандық экономикаға қатты ықпал етуде. Қазір ғаламның экономикасы секем алып, көптеген мемлекет абдырап отыр. Осындай ауыр кезеңде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына мәлімдеме жасап, Үкімет тарапынан іске асырылуы тиіс шұғыл шараларды тапсырды.
Мәлімдемеде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетіні де айтылды. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге, көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлінетіні белгілі болды.
Өңір басшысы Амандық Баталов ауыл шаруашылық саласына ерекше көңіл бөлуде. Тиісінше, Алматы облысы агросекторда көш басында келеді. Осы орайда, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері аграрлық сала экономиканың драйвері екенін ескере отырып, бұл маңызды шешім деп біледі.
«Асыл тұқымды сиырды өсірумен айналысатын «Тәжікеев» ШҚ басшысы Жеңіс Тәжікеев «Қызығы мен қиындығы мол кәсіппен айналысатын шаруаларға бұл үлкен қолдау. Осындай қолдаудың арқасында егін шарушылығы, жеміс-жидек шаруашылығы, мал шаруашылығын өндіруде еліміз алдыңғы қатарға шығады»,- дейді.
Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатыны да мәлім болды. Жалпы, Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытудың әуелеті зор. Жетісуда аграрлық саланың өркендеуіне үлес қосып жүргендердің бірі «Қыдырәлі» ШҚ басшысы Секен Шенгелбаев. Ол шаруашылықты өрге қарай дөңгелету жолында мұндай қолдау көрсетілгеніне дән риза.
«Осы және өзге де айтылған шаралардың барлығы азаматтар мен отандық бизнесті, ауылшаруашылығын қолдау үшін жасалып жатыр. Бұл қолдауды пайдалана отырып, қызылша өнімің көлемін ұлғайтуға жұмыс атқарамын және де Президентіміз қабылдаған кеселмен күресудің нақты шараларынан бейтаныс болған бұқараны биліктің хабарлаған әр жаңалығына, төтенше жағдай кезінде қабылданған жаңа ережелерге бағынуға шақырамын», - деді Секен Шенгелбаев.