
Қоңыр салқын күз басталғалы бері аграрлы өңірімізде егін егумен тұрақты айналысатын аудан диқаншылары күріш ору науқанына жаппай кірісіп, жылдағы дәстүрге айналған ауқымды жұмыстарды қарқынды атқаруда.
Қазіргі таңда күріш ору науқанын қарқынды жүргізіп жатқан диқаншылар қауымы егілген егістіктің 7290,0 гектарын шауып, 6746,0 гектарын бастырып үлгерді. Орташа өн-імділік әзірше гектарына 41,8 центнерден айналып тұр.
Ақ күріш - ырысты өңірі-мізді берекесі. Дала төсін дүбірге бөлеп, еңбектің қара-қазанын қайнатып жатқан диқаншылардың бүгінгі жағдайын көзбен көру мақсатында, өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге аудан іргесінде орналасқан «Бауыржан -7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барып қайттық.
Біз атбасын бұрған шаруа-шылықтың басшысы Талғат Сұлтановтың айтуынша ерте көктемде шаруашылығына тиесілі 730 гектар суармалы егіс алқабының 247 гектарына күріш, 205 гектар жерге бидай және 278 гектарға көпжылдық шөп еккен. Бүгінгі таңда күріш орағының шабу жұмысын толыққанды аяқтаса, оның 110 гектарын бастырған. Ол күріш дақылынан әр гектарынан 40 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.
Ақ күрішті ысырапсыз жинап алуды басты мақсатқа қойған шаруашылық егін ору жұмыстарына екі комбайн, астық тасмалдауға бір Камаз көлігін, екі «МТЗ - 80» және бір «МТЗ-1221» тракторларын жұмылдырған.
Өңіріміздегі алдыңғы қатарда тұрған «Бауыржан -7» ЖШС-нің егіс алқабындағы жұмыстармен жіті танысқаннан кейін аталмыш шаруашылықтың қырманына да атбасын бұрып, ол жердегі қарбалас атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрдік. Егіс алқабынан күнде-лікті жеткізіліп жатқан күріш дақылын шаң – тозаннан тазалап, бітік дәнді қоймаларға жинастырып жүрген қырман операторы Абзал Құлынбетов өз жұмысын ойдағыдай атқарады екен.
«Ақ күріш - ырысты өңірі-мізді берекесі» деп, ерте көк-темнен кетпен – күректерін қолға алып, егін егіп, алажаздай күннің аптап ыстығына қарамастан егіс алқабында жүрген диқаншылардың еселі еңбегінің ақталар сәті осы күз мезгілі.
Қазіргі таңда дала төсіндегі дүбірлі еңбек көрінісіне көз тоярлықтай. Егін егудің қыр-сырын жіті меңгерген аудан диқаншылары бітік өскен күрішті шашпай-төкпей жинап алуға күш салып жатыр. Аудан диқаншылары ауа райы алдағы он күнде жайлылығын танытса, күріш орағын толыққанды аяқтауға сенімдері мол. Ендеше күн – түн демей тоқтаусыз еңбек етіп жатқан диқаншылар қауымының күш – қуаты сарқылмай, еселі еңбектерінің жемісі мол болуына тілектес болайық.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


