Мұстафа ҚАЛИЕВ, «Тамшыбұлақ» ЖШС-нің басшысы:
Бүгінгі таңда әлемді жаулап жатқан коронавирус індетінің ғаламшарды дүр сілкіндіргені баршамызға мәлім. Осы індетке орай дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «пандемия» деп жариялаған індет күннен-күнге ушығып барады. Өкінішке орай бұл кесел елімізді де алаңдатпай қоймады. Осыған орай төтенше жағдайлардың енгізілуіне байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға Үндеу жариялады. Мемлекет басшысы өзінің Үндеуінде көптеген мәселелердің шешімін айта кетті. Соның ішінде ауылшаруашылық кәсіпкерлері мен фермерлерге көмек көрсететінін, оларға бюджеттен 70 миллиард тенге бөлінетінін, көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 100 миллиард аударуды, шағын және орта шаруа қожалықтарына көмек көрсетуді өз сөзінде атап өтті. Сонымен қатар жанармайдың нарықтық бағасын 15 % -ға яғни 165 теңгеден төмендетуді қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылуын міндеттеді.
Бұл мәлімдеме төтенше жағдай кезінде ауылшаруашылық кәсіпкерлеріне үлкен қолдау мен көмек деп білемін. Бұл індетті, басқа түскен қиындықты бәріміз бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай, жұдырықтай жұмылып міндетті түрде еңсеріп шығатынымызға бек сенімдімін!