
Алматы облысында туристер саны 29,8 пайызға артты
Қазіргі таңда облыста туризм саласында жалпы құны 638,2 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзегеасырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жыл қорытындысы бойынша туристер саны 29,8%-ға артып, 658 мың адамды құрады. Оның ішінде ішкі туристер саны - 647 мың адам. Бұл өз кезегінде былтырғы жылмен салыстырғанда 29,7 пайызға артқан.
Сондай-ақ, «eQonaq» базасының деректері бойынша 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 147 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,19%-ға артық (129 мың адам). Жүйе мәліметтеріне сәйкес, бұл көрсеткіш Алматы және Астана қалаларынан кейін 3-орында тұр.
-
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 33,3 млрд. теңге. Ал салықтық түсімдер (туризмнің 14 ЭҚЖЖ бойынша) – 11,2 млрд. теңге, өсім 25,8% (2024 ж. – 8,9 млрд. теңге). Ойын бизнесі бойынша – 81,7 млрд. теңге, - деді Қуанышбек Мирамбекұлы.
Спикердің мәліметінше, туристік бағыттарға келушілер саны айтарлықтай өсті. Әсіресе табиғи нысандар туристер арасында жоғары сұранысқа ие болды.
- «Іле-Алатау» ұлттық паркінде 945 993 адам демалса, «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне 600 026 адам, ал «Шарын» ұлттық паркіне 249 928 адам келген. Бұл көрсеткіштер өңірдің табиғи туристік әлеуетінің жоғары екенін және экологиялық туризмнің дамып келе жатқанын көрсетеді, - деген Қуанышбек Мирамбекұлы туризм саласын дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Алматы тау кластері туризмін дамыту жөніндегі 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітіліп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар басталды. Кешенді жоспар аясында жалпы құны 526 млрд теңгені құрайтын 73 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде Алматы облысына қатысты 15 жоба енгізілді.
Алдағы жылдары жаңа туристік жобаларды іске асыру, сервистік қызмет сапасын арттыру және инвестициялық белсенділікті күшейту арқылы Алматы облысының Орталық Азиядағы ірі туристік орталықтардың біріне айналуына толық мүмкіндік бар.
- 2026 жылы Алматы облысында бірқатар ірі туристік, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және туристер ағынын көбейтуге оң ықпал етті. 2026 жылғы 4 қаңтарда Байсерке ауылында “Жаңа жыл аспаны Байсерке” фестивалі өтті. Іс-шара аясында мерекелік бағдарламалар, авиациялық көрсетілімдер және ойын-сауық шаралары ұйымдастырылып, оған 4 мыңнан астам адам қатысты. Фестиваль қысқы туризмді дамытуға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді, - деді спикер.
Қонаев қаласы маңында (Қапшағай су қоймасының жағасында) ауқымды ASP Arena көпфункционалды отбасылық ойын-сауық кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл туралы Asp Holding бас директоры Олег Воронков баяндады. Айтуынша, Алатау қаласында құны 11 млрд теңге болатын тағы бір кешеннің құрылысы жүргізіліп жатыр.
- Кешен аумағындағы мұз алаңының ауданы 20 600 шаршы метрді құрайды, бұл Орталық Азиядағы ең ірі нысандардың біріне жатады және халықаралық жарыстарды өткізуге арналған. Одан бөлек мотоспорт аренасы, картинг жолы, экстремалды жүргізу академиясы, аквапарк, вейк-парк, глампинг және фуд-корттар толық іске қосылған, - деді Олег Александрович.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 12-17 қаңтар аралығында “WADS” қысқы дрифт-шоуының I және II кезеңдері өткізілді. Ал III кезеңі 2026 жылғы 5-7 ақпан аралығында ұйымдастырылды. Жарыста ASP командасының ұшқышы Петр Бородин жеңіске жетті.
- Жарыс барысында кәсіби дрифт-шеберлерінің көрсетілімдері өткізіліп, автоспорт жанкүйерлері мен туристердің қызығушылығын тудырды. Аталған жарыстар экстремалды туризм мен спорттық іс-шараларды дамытуға оң әсер етті. Облыс атынан шығып, жеңіске жеттім. Бұл - мен үшін үлкен мақтаныш, - деді Петр Владимирович.
Өңірде халықаралық деңгейдегі жарыстар, фестивальдер және туристік форумдар ұйымдастырылып, туристер ағынының артуына ықпал етті. Атап айтқанда, «Tengri Ultra» халықаралық марафоны, «Ұлы дала жорығы», «Oceanman Kazakhstan», CADS және WADS дрифт-шоулары, сондай-ақ Apricot Fest, Family Rock Festival және Park Live Almaty секілді ауқымды шаралар өтті.
Ұйымдастырылған ірі іс-шаралар Алматы облысының туристік тартымдылығын арттырып, ішкі және сыртқы туристер ағынының көбеюіне ықпал етті.


