
*«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымы ашылады*
*Алатаудың баурайын мекендеген жас буын тағы бір мәрте елге қызмет етудің, табиғатқа жанашыр болудың жарқын үлгісін көрсетпек. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының аясында 14–15 мамыр күндері «Адал еңбек – Таза орта – Нақты мүмкіндік» қағидасымен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII республикалық еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтеді.*
Шараға еліміздің 20 өңірінен келген эко белсенділер, табиғат сақшылары қатысады.
Жыл сайын мыңдаған жастың басын қосатын бұл жоба бүгінде еңбек пен елдік рухты ұштастырған үлкен қозғалысқа айналды. Биылғы республикалық жиын да табиғатқа тағзым мен адал еңбекке құрметті дәріптейтін тағылымды алаң болмақ. Екі күнге жоспарланған ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен белсенді жастар, қоғам қайраткерлері, экологтар мен сарапшылар қатысады.
Шараның алғашқы күні Қонаев қаласында ресми ашылу салтанатымен басталып, «Адал еңбек – Таза орта – Нақты мүмкіндік» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылады.
15 мамыр күні жастар экологиялық бастамалардың нақты іске айналған сәтіне куә болмақ. Қатысушылар Қонаев қаласынан Көшпенділер қалашығына жол тартып, Іле өзенінің жағалауын тазалау, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, ағаш отырғызу және қалдықтарды сұрыптау жұмыстарына белсене қатысады.
Табиғатқа жанашырлық танытқан белсенді жастар арнайы марапаттарға ие болады.


