


Қазіргі қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның кез келген түріне жол бермеу және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Өйткені зорлық-зомбылық – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына нұқсан келтіретін келеңсіз құбылыс. Сондықтан оның алдын алу, адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру, отбасындағы татулық пен сыйластықты нығайту бағытында елімізде түрлі іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Осындай маңызды бастамалардың бірі – жыл сайын әлемнің көптеген елінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны. Бұл науқанның басты мақсаты – әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, қоғамның назарын осы мәселеге аудару және зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар отбасындағы зорлық-зомбылықтың зардаптарын түсіндіру, жәбірленушілерге қолдау көрсету, құқықтық көмек алу жолдарын насихаттау да науқанның негізгі міндеттерінің қатарына жатады.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі аудандық Жастар ресурстық орталығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстел болды.
Тағылымды басқосуға аудандық Аналар алқасының төрайымы Ғалия Әліпбаева, Бақанас ауылдық округінің әкімі Эльмира Байғуатова, «Белсенді ұзақ өмір орталығының» Балқаш ауданы бойынша кеңесші Күләш Ахмедиева, аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Махаббат Әбдікерімова және аудандық Отбасын қолдау орталығының мамандары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар зорлық-зомбылықтың түрлері мен оның адам өміріне тигізетін кері әсерлері жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті. Әсіресе отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, психологиялық қысым көрсету, күш қолдану, қорқыту, кемсіту, экономикалық шектеу секілді әрекеттердің зардаптарына тоқталды. Әрбір қатысушы өз тәжірибесі мен көзқарасына сүйене отырып, мәселенің алдын алу жолдары жөнінде пікір білдіріп, ойларын ортаға салды.
Жиында зорлық-зомбылықтың салдары тек жәбір көрген адамның өзіне ғана емес, оның отбасы мүшелеріне, әсіресе бала тәрбиесіне де кері әсер ететіні айтылды.
Өз тілшімізден.


