
2026 жылдың 4 маусым күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Желтораңғы ауылдық округінде Топар өзенінің жағалауында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға Күрті орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері, ауыл әкімшілігінің қызметкерлері, ауыл жастары мен тұрғындары белсенді қатысып, өзен жағалауын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазартты. Тазалық жұмыстары барысында өзен маңындағы аумақ ретке келтіріліп, қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытында маңызды жұмыстар атқарылды.
Экологиялық акцияның басты мақсаты – табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Осындай игі шаралар азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үндейді.
Табиғат – келешек ұрпаққа қалдырар баға жетпес байлығымыз. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың ортақ міндеті болып табылады. Топар өзенінің жағалауында өткен тазалық акциясы тұрғындардың табиғатты қорғауға деген белсенді көзқарасын тағы бір мәрте көрсетті.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлесін қоса бермек.


