
Қазіргі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында түрлі құқық бұзушылықтар анықталуда. Олардың ішінде сауда объектілерінде тауарларға баға жапсырмаларының орналастырылмауы, сондай-ақ сауда залындағы витринада көрсетілген бағаның кассада төлем жасау кезінде жоғары болып шығуы жиі кездеседі.
Тұтынушының тауар немесе қызмет туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Осыған байланысты әрбір сатушы тауардың бағасын қолжетімді жерде көрсетіп, сатып алушыға нақты әрі дұрыс ақпарат ұсынуға міндетті. Витринадағы баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуі тұтынушыны жаңылыстырып, оның заңды құқықтарының бұзылуына әкеп соғады.
Аталған құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Жыл басынан бері Алматы облысында аталған бап бойынша 28 сауда субъектісіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, 176 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Нәтижесінде құқық бұзушылардан жалпы сомасы 609 825 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Сонымен қатар, сауда объектілерінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпкерлерге баға жапсырмаларын уақытылы орналастыру, тауар бағаларының дұрыстығын қамтамасыз ету, тұтынушыларға толық әрі шынайы ақпарат беру жөніндегі заң талаптары түсіндірілуде.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында азаматтардың өтініштері тұрақты түрде қаралып, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Әрбір азамат өз құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті органдарға жүгініп, заң аясында қорғануға құқылы.
Тұтынушы құқықтарын сақтау – адал сауданың, сапалы қызмет көрсетудің және халықтың сауда саласына деген сенімін арттырудың басты кепілі. Сондықтан заң талаптарын сақтау әрбір кәсіпкердің міндеті, ал тұтынушы құқығын қорғау – мемлекеттік органдардың басты назарындағы мәселелердің бірі.
✅ Заң талаптарын сақтау – әділ сауда мен тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды негізі.


