
Алматы облысында тазалық талаптарын бұзғандарға 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл басынан бері облыс аумағында 10 117 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл жайында баспасөз мәслихаты барысында облыстық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рахым Толокулов айтты.
Белгілі болған заң бұзушылықтың 239 дерегі ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты болса, 9 878 жағдай аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша анықталған.
Заң бұзғандарға жалпы көлемі 10 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 5,9 млн теңгесі өндірілген.
Жалпы, «Таза Қазақстан» науқаны басталған 2024 жылдың сәуір айынан бері өңірде 51 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген. Осы уақыт ішінде салынған айыппұл көлемі 169 млн теңгеден асты.
«Тазалық мәдениетін қалыптастыру жұмыстарына полиция қызметкерлері, еріктілер, қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер тартылған. Қазіргі таңда өңірде 30 мобильді топ жұмыс істейді. Оның ішінде 10 топ табиғатты қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп құрылған. Жалпы науқанға 338 маман жұмылдырылған»,-деді Рахым Толокулов.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 350 рейдтік іс-шара өткізілген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде 24 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 14-і жойылды. Бағдарлама іске қосылғалы бері барлығы 82 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, 65-і тазартылған.
Анықталған деректер бойынша материалдар Алматы облыстық экология департаментіне жолданып, тиісті шаралар қабылдануда.
Спикердің айтуынша, жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.


