АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Алматы облысында орналасқан WUKO DENIZ пластикалық құбырлар мен фитингтер шығаратын «Keruen Plus» зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Мақсат – станса құрылысының ел экономикасына және энергетикалық қауіпсіздікке әкелетін пайдасын түсіндіру және халықтың осы жобаға деген пікірін тыңдау.
Жиында Халықтық штаб мүшелері атом энергетикасының Қазақстан үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, АЭС-тің елді энергетикалық тәуелсіздікке жеткізетін сенімді әрі экологиялық таза энергия көзі екенін айтты. Олардың пікірінше, АЭС құрылысы Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды. Өйткені электр энергиясының қазіргі негізгі көздері экологиялық талаптарға сай келмеуде және олардың қуаты жыл сайын төмендеп жатыр.
ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының бөліну физикасы зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітов атом энергетикасы саласындағы заманауи технологиялардың қауіпсіздігі мен тиімділігін түсіндірді. Ол қазіргі заманғы үшінші буын реакторларының қауіпсіздік стандарттарына толық сай келетінін және олардың Франция, Оңтүстік Корея сияқты елдерде табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Атом электр стансасы біздің еліміз үшін стратегиялық маңызды жоба. Қазіргі кезде көптеген дамыған елдер атом энергетикасына басымдық беріп отыр, өйткені ол тұрақты және экологиялық таза энергия көзі. Біз заманауи реакторларды пайдаланатын боламыз, бұл Чернобыль немесе Фукусима сияқты апаттар тарихының қайталанбауына кепілдік береді. Бұл стансалар ондаған жылдар бойы тексеруден өтіп, барлық қауіпсіздік талаптарына сай келеді», – деді Халықтық штаб мүшесі Данияр Жансейітов.
Оның айтуынша, Қазақстанға АЭС салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу ғана емес, сондай-ақ еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бар. АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.
Жиында «Keruen Plus» зауытының қызметкерлері де өз пікірлерін білдірді. Зауыттың бас энергетигі Азиз Бейкесов АЭС құрылысының ел үшін маңыздылығын түсініп, жобаны қолдайтынын жеткізді.
«Алғашында атом энергиясы туралы ойларымда күмән болды, себебі көпшіліктің көзқарасы сияқты бұл салаға сақтықпен қарадым. Алайда мамандардың түсініктемелері мен нақты дәлелдерімен танысқаннан кейін пікірім өзгерді. Қазіргі заманғы АЭС реакторларының технологиялары айтарлықтай жетілдірілген, олар ең қатаң халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Демек, бұл бізге тек сенімді ғана емес, сонымен қатар таза және қауіпсіз энергия береді. Франция мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі көрсетіп отырғандай, АЭС дұрыс жұмыс істеген жағдайда үлкен аймақтарды сенімді электрмен қамтамасыз ете алады», – дейді энергетик Азиз Бейкесов.
Ол сондай-ақ, Қазақстанның дамыған елдер қатарынан көрінуі үшін осындай батыл қадамдар қажет екенін айтып, халықты алдағы референдумда АЭС құрылысына қолдау білдіруге шақырды.
Сарапшылар АЭС салу Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экономикалық өсімге де үлкен серпін беретінін атап өтті. Бүгінде елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын артып келеді, ал қолданыстағы стансалардың қуаты бұл қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан АЭС салу – уақыт талабы.
Штаб мүшелері алдағы уақытта да осындай кездесулерді жалғастырып, халықпен ашық диалог орнатып, барлық сұрақтарға жауап беруге дайын екенін жеткізді. Кездесулер барысында тұрғындар АЭС жобасы туралы нақты ақпарат алып, өз ойларын білдіріп, ел болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдауға атсалысуда.
Айта кету керек, халықтық штабтың басты міндеті – АЭС құрылысының Қазақстан үшін стратегиялық маңыздылығын жан-жақты түсіндіру және қоғамның қолдауына ие болу. Бұл жоба елдің энергетикалық болашағын айқындап, оны жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.