
Оксикбаев Бакытжан Нуртаевич, Бақанас ауылында туып-өстім. Мамандығым – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі-жаттықтырушысы. Қазіргі уақытта колледж директоры қызметін атқарамын. Еңбек жолымды білім беру саласымен байланыстырып, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, кәсіби маман ретінде қалыптасуына және жастардың жан-жақты дамуына үлес қосып келемін.
Білім саласындағы қызметім маған жауапкершіліктің, жүйелі жұмыстың, әділ шешім қабылдаудың және әр адамның пікіріне құлақ аса білудің маңызын үйретті. Басқару тәжірибесі кез келген мәселені жан-жақты қарастырып, нақты мақсат қойып, оның орындалуына қол жеткізудің қажет екенін көрсетті.
Балқаш ауданының дамуы – ең алдымен, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартудан басталады. Ауылішілік жолдардың жағдайы, ауызсумен қамтамасыз ету, білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі, тұрақты жұмыс орындары, жастарды қолдау және балалардың болашағына жағдай жасау – әрбір тұрғын үшін маңызды мәселелер.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
1. АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Ақкөл ауылы Темірбаев және Сейфуллин көшелері, Көкжиде ауылы Таубаев көшесі, Береке ауылы Ахметов, Қонаев, Момышұлы, Байтұрсынов көшесіне автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауызсу және абаттандыру мәселелерін көтеру. Ақкөл ауылында Темірбаев, Бұлғақбаев, Қойшыбеков көшелерін, Көкжиде ауылында Өсербаев көшесі, Береке ауылы Молдағұлов көшесін түнгі жарықтандыруға, Ақкөл ауылына балалар ойын алаңын салуға ықпал ету.
2. БІЛІМ БЕРУ
Ақкөл, Береке, Көкжиде ауылдарындағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, жастардың сапалы білім мен кәсіби мамандық алуына, Береке орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ету.
3.СПОРТТЫ ДАМЫТУ
Ауылдардағы спорт нысандарын жаңарту, жастардың бұқаралық спортқа қатысуына жағдай жасау бастамаларын қолдау, ұсыныстар енгізу. Балалар мен жастарды спортқа тартуға, бұқаралық спорттық жарыстар мен сауықтыру шараларын өткізуге қолдау көрсету.
4. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, шағын және орта бизнесті, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жобаларды қолдау. Жастардың кәсіптік бағдар алуына, жұмысқа орналасуына және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жобаларды қолдау.
5. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың мәселелерін көтеріп, медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету. Ақкөл ауылындағы ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, Береке ауылына ФАП салынуына, саябаққұрылысы мен полигон қоршау жұмыстарына ықпал ету.
6. ЖАСТАР САЯСАТЫ
Жастардың қоғамдық өмірге араласуына, еріктілік қозғалысына және азаматтық бастамаларына қолдау көрсету. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдени және спорттық іс-шараларды дамыту жөніндегі ұсыныстар енгізу. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыруға және олардың кәсіби әлеуетін іске асыруға бағытталған шараларды қолдау.
7. ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС
Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қарастырып, өзекті мәселелерді мәслихатта көтеру және атқарылған жұмыстар туралы тұрақты есеп беру.
Баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларды, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды және тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарды қолдау шараларының тиімді жүзеге асуына атсалысамын. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізіп, тұрғын үй құрылысына жеке инвестиция тарту мүмкіндіктерін де қарастырамын.
Ауыл көшелерінің жағдайы – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сапалы жол – балалардың мектепке қауіпсіз қатынауына, тұрғындардың емханаға, жұмыс орындарына және басқа да қажетті нысандарға кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан қарапайым шаруа қожалықтарының дамуына жағдай жасау, олардың мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне көмектесу маңызды деп есептеймін.
Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің ірі шаруашылықтармен қатар шағын және орта шаруа қожалықтарына да қолжетімді болуына ықпал етемін. Шаруалардың құжат рәсімдеу, қаржыландыру бағдарламаларына қатысу және мемлекеттік қолдау алу барысында кездесетін мәселелерін тиісті мекемелер алдында көтеремін.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға, мал және егін шаруашылығымен айналысатын азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсетемін.
Округтегі кәсіпкерлердің ұсыныстары мен мәселелерін назарға алып, олардың заңды мүдделерін қорғауға және кәсіпкерлік қызметті дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді шешу жолдарын іздестіруге атсалысамын. Нәтижесінде жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға және аудан экономикасының нығаюына үлес қосуды көздеймін.
Спортпен шұғылданатын балалар мен жастардың аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысуына қолдау көрсетіп, олардың жол шығындары мен қажетті ұйымдастыру мәселелерін шешуге ықпал етемін.
Жер – ауылдың негізгі байлығы, ал оны тиімді пайдалану – экономикалық дамудың маңызды шарты. Ауыл маңындағы және аудан аумағындағы мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оларды заң аясында мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыру мәселесін көтеремін.
Бұл бастама ауылдағы жер ресурстарын тиімді игеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді деп сенемін.
Осы бағытта «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарын, отбасылық кәсіпкерлігін және шағын өндіріс орындарын дамытуына ықпал етемін.
Ауылдардың дамуы тек жергілікті бюджетке ғана байланысты болмауы керек. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалармен қатар, жеке инвестициялар тарту, демеушілік көмектер мен гранттарды пайдалану, басқа да қосымша қаржыландыру көздерін қарастыру бағытында жұмыс жүргіземін.
Бұл қаражаттарды ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыттау мәселесін көтеремін.
Әрбір ауылдық округтің өзіндік ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тұрғындардың ұсыныстары негізінде нақты жобаларды жүзеге асыруға күш саламын.
Депутат ретінде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, олардың шешілуі үшін аудандық мәслихатта мәселе көтеріп, тиісті мемлекеттік органдармен жүйелі жұмыс жүргіземін.
Әрбір бастаманың орындалу барысын бақылап, сайлаушылар алдында атқарылған жұмыстар туралы тұрақты есеп беріп отыруды азаматтық әрі депутаттық міндетім деп білемін.
Менің ұстанымым – құр сөз емес, нақты іс, құрғақ уәде емес, нәтижеге бағытталған жұмыс.
Туған жеріміздің өркендеуі, ауылдарымыздың көркеюі, тұрғындарымыздың әл-ауқатының артуы жолында аянбай еңбек етуге дайынмын.
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болса, алынбайтын асу жоқ.
Туған жердің дамуы – баршамызға ортақ міндет!


