
Мусырпанов Ермек Серикбаевич - 1988 жылы 25 наурызда Балқаш ауданының Қарой ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қарой ауылында тұрады. 2010 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Экология» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Балқаш ауданының Қарой ауылындағы «Орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде орманшы қызметінен бастап, 2018 жылға дейін осы салада еңбек етті. 2018–2019 жылдары «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының инженері, мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарды. 2022–2024 жылдары аталған резерваттың филиал директоры болды. 2024–2025 жылдары «Береке» ЖШС-де жұмысшы қызметін атқарды. 2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының мемлекеттік инспекторы, орман шебері болып қызмет етіп келеді.
Қазіргі таңда өз ісінің білікті маманы ретінде қызметтік міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып, тапсырылған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындап келеді. Әріптестері мен ауыл тұрғындары арасында сый-құрметке ие, адамгершілік қасиеттері жоғары азамат ретінде танылған.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Туризмді дамыту және ауылға инвестиция тарту – экономикалық өсудің негізі
Қараой мен Көктал ауылдарының табиғи орналасуы, Балқаш көлінің жағалауы және «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағымен сабақтас жатқан табиғи әлеуеті туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана білсек, ауыл экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылады.
Экологиялық және этнотуризмді дамыту. Балқаш көлінің табиғи көріністерін, өңірдің флорасы мен фаунасын, тарихи-мәдени ерекшеліктерін туристік бағытта кеңінен танытуға күш саламын. Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының экологиялық маңызын ескере отырып, табиғатқа зиян келтірмейтін туристік бағыттарды қалыптастыруға ықпал етемін. Бұл ретте табиғи ортаны қорғау, экологиялық талаптарды сақтау және жергілікті тұрғындардың мүддесін ескеру басты назарда болады.
Отандық инвесторларды тарту. Ауылдың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін кәсіпкерлермен, инвесторлармен және тиісті мемлекеттік мекемелермен жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Туристік сервистік орталықтар, демалыс орындары, шағын қонақүйлер мен қызмет көрсету нысандарын ашуға қолдау көрсетемін. Мұндай жобалар ауылға қосымша табыс әкеліп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту. Ауыл шаруашылығы – өңіріміздің негізгі тіршілік көзі. Сондықтан жергілікті шаруалардың өндірген өнімін тек шикізат күйінде сатпай, оны терең өңдеуге бағытталған шағын кәсіпорындар мен өндірістік цехтар ашу мәселесін көтеремін. Шаруашылықтардыкооперацияға біріктіру, мемлекеттік жеңілдетілген несие мен субсидияларды тиімді пайдалану, отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолдау көрсетуге күш саламын.
Жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың жұмыспен қамтылуы – өзекті мәселе. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларын қатар дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етемін. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауданның дотациялық тәуелділігін біртіндеп төмендетуге үлес қосу.
Таза ауыз су және жайлы ауыл – халықтың басты сұранысы.
Аудан экономикасының тұрақты дамуы кәсіпкерліктің өркендеуімен тығыз байланысты.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Қараой мен Көктал ауылдарындағы су құбырларының, су тазарту қондырғыларының және өзге де инженерлік желілердің жағдайын тұрақты назарда ұстаймын. Анықталған ақауларды дер кезінде жөндеу, су сапасын бақылау, үздіксіз су беруді қамтамасыз ету мәселелерін тиісті мекемелер мен жауапты органдар алдында көтеремін. Әрбір отбасы сапалы ауыз суды кедергісіз пайдалануы керек.
«Таза Қазақстан» – таза ауыл. Республикалық экологиялық акция аясында ауылдардың санитарлық жағдайын жақсартуға, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыруға, ағаш отырғызып, жасыл желекті көбейтуге бағытталған жұмыстарды жандандыруға атсалысамын. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды уақытылы әрі жүйелі шығаруды ұйымдастыру, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу мәселелерін назардан тыс қалдырмаймын.
Ауыл инфрақұрылымын жақсарту. Көшелердің жарықтандырылуы, жолдардың жағдайы, қоғамдық орындардың тазалығы мен балалардың қауіпсіздігі – тұрғындар үшін маңызды мәселелер. Осы бағыттағы түйткілдерді анықтап, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргіземін. Ауылдың әрбір көшесі мен қоғамдық кеңістігі тұрғындарға қолайлы болуы тиіс.
Ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуы мен табыс көзінің артуы – әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі. Осы бағытта жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жеке кәсіп бастауға ниетті азаматтарға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттың қолжетімді болуына ықпал етемін. Жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныстары мен мәселелерін назарға алып, олардың бастамаларына қолдау көрсетілуіне атсалысамын.
Балқаш ауданының негізгі тіршілік көзі мен экономикалық әлеуетінің бірі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан шаруа қожалықтары мен ауыл еңбеккерлерінің мәселелерін көтеріп, олардың мүдделерін қорғауға басымдық беремін. Мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға, суармалы жерлерді тиімді пайдалануға, жайылымдық жерлер мәселесін шешуге және шаруалардың мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне ықпал етемін. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу көлемін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдаймын.
Қоғамдағы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аудару қажет. Осы орайда әлеуметтік көмек көрсету тетіктерінің тиімді жүзеге асуына, мемлекеттік қолдау шараларының уақытылы әрі қолжетімді болуына ықпал етемін. Әрбір азаматтың өтініш-тілегін назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетуді маңызды міндетім деп санаймын.
Депутаттың басты міндеті – халықтың ортасында болып, елдің талап-тілегін билік өкілдеріне жеткізу және оның орындалуына ықпал ету. Сондықтан ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдауды негізгі жұмыс бағытымның бірі ретінде қарастырамын. Көтерілген мәселелерді тиісті мекемелер мен жауапты органдардың алдында көтеріп, олардың шешілу барысын бақылауға атсалысамын. Атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы халыққа ашық ақпарат беріп отыруды басты ұстанымым деп білемін.
Мен үшін депутаттық қызмет – мәртебе емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Елдің сенімін ақтау үшін құр сөзден гөрі нақты іске, уәдеден гөрі нәтижеге басымдық беру қажет деп есептеймін.
Әрбір тұрғынның пікірі мен ұсынысы маңызды. Сондықтан халықпен етене байланыста болып, елдің игілігі жолында бірлесе жұмыс істеуге дайынмын.
Ауданымыздың өркендеуі мен ауылдарымыздың гүлденуі – ортақ мақсатымыз.
«Бірлік пен еңбек – берекелі болашақтың негізі!».
Халықтың сенімі – маған жүктелген аманат. Сол аманатқа адал болып, туған жерімнің дамуы мен ел игілігі жолында бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын!


