29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы

 

image.png

Жумашова Бакыт Амангалиевна-1984 жылы 4 сәуірде Балқаш ауданы Жиделі ауылында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Алматы облысы Балқаш ауданы Жиделі ауылында тұрады.

2010 жылы Қаскелең мәдениет колледжін «Мәдени-тынығу қызметін ұйымдастыру» мамандығы бойынша тәмамдаған.      

Еңбек жолын 2012 жылы Балқаш ауданы Жиделі ауылдық мәдениет үйінде бастап, қазіргі уақытқа дейін мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушы қызметін атқарып келеді.

Еңбек еткен жылдары ауылдық, аудандық және облыстық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге белсенді атсалысып келеді. Қызмет барысында өзін жауапты, бастамашыл әрі шығармашыл маман ретінде танытып, әріптестері мен ауыл тұрғындарының арасында құрметке ие болған.

 

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Менің аудандық мәслихат депутаттығына үміткер болудағы басты мақсатым – өзім туып-өскен туған жерімнің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және халықты толғандырған өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ету. Өйткені туған жердің өркендеуі, ауылдың ажары мен тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы – баршамызға ортақ міндет әрі жауапкершілік.

Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ете жүріп, ауылдың тыныс-тіршілігін, шаруалардың күнделікті жұмыс барысында кездесетін қиындықтарын, ауыл тұрғындарының талап-тілектері мен мұң-мұқтажын жақсы түсінемін. Ауылдың дамуы ең алдымен еңбек адамына жасалған жағдайға, өндірістің өркендеуіне және халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын қолдау, шаруа қожалықтарының дамуына мүмкіндік жасау, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету басты назарымда болады.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәселелердің шешілуіне ерекше көңіл бөлуді көздеймін. Атап айтқанда, ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту, елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету, инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу – уақыт күттірмейтін маңызды міндеттер. Бұл мәселелердің барлығы тұрғындардың күнделікті тұрмысымен тығыз байланысты болғандықтан, олардың шешілуіне өз үлесімді қосуға күш саламын.

Қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді таза ұстау. Ауыл-аймақтың тазалығын сақтау, жасыл желектерді көбейту және қоғамдық аумақтарды абаттандыру мәселелеріне ерекше мән беремін. Әрбір тұрғынның туған жерге деген жанашырлығын арттыратын экологиялық бастамалардың жүзеге асуына қолдау.

Жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін зерделеп, олардыңшешілуіне ықпал ету. Кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын мәслихат отырыстарында көтеріп, мемлекеттік қолдау, жеңілдетілген қаржыландыру және кәсіпкерлікке баулу бағдарламалары туралы ақпараттың қолжетімді болуына атсалысу.

Мемлекеттік қолдау шараларының ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуына, кәсіп бастауға ниетті азаматтардың қажетті ақпарат пен кеңес алуына ықпал етемін.

Мал және егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының мәселелерін назарда ұстау. Ветеринариялық қызмет көрсету, жемшөппен қамтамасыз ету, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бағыттарындағы түйткілдерді тиісті мемлекеттік органдар алдында көтеріп, олардың оң шешімін табуына ықпал ету.

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына қолдау көрсету. Жастарды кәсіптік білім алуға, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларды қолдау. Сонымен қатар ауыл жастарының кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасауға атсалысу.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің еңбегін қолдап, жергілікті ет, сүт және егін өнімдерін өткізу нарығын кеңейту мәселесін көтеру. Отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, шаруалар мен кәсіпкерлердің жәрмеңкелерге, сауда орындары мен тұрақты өткізу алаңдарына қатысуына жағдай жасауға ықпал ету.

Ауылдық елді мекендердегі жол, ауызсу, электр энергиясы, көше жарығы және абаттандыру мәселелерін тұрақты назарда ұстау. Тұрғындардың тұрмыс сапасына, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін инфрақұрылымдық мәселелерді мәслихатта және тиісті мекемелер алдында көтеру.

Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, сондай-ақ көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға атсалысу. «Мектепке жол» акциясы секілді игі бастамалардың жалғасын табуына ықпал ету. Кәсіпкерлер арасында қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, туған жерге жанашырлық танытатын азаматтардың бастамаларын қолдауға күш салу.

Кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарының басшыларымен және ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жүйелі түрде жинақтау. Халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді мәслихат отырыстарында көтеріп, тиісті органдармен бірлесе отырып, шешу жолдарын қарастыру. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы тұрғындарға ашық әрі жүйелі түрде есеп беріп отыру.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдени-рухани және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік мәселелерін назарда ұстап, оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселесін көтеру.

Жалғызбасты қарттардың, ардагерлердің және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға қолдау көрсету.

Отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау, ұрпақ тәрбиесі бағытындағы игі бастамаларды қолдау.

Дені сау ұрпақ – ел болашағы. Ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және бұқаралық спортты дамыту маңызды деп санаймын.

Осы мақсатта ауылдардағы спорт нысандарының жағдайын жақсарту, қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және спорт алаңдарын көбейту мәселелерін көтеремін.

Спортпен шұғылданатын балалар мен жастардың аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысуына қолдау көрсетіп, олардың жол шығындары мен қажетті ұйымдастыру мәселелерін шешуге ықпал етемін.

Сонымен қатар ауылдар арасында түрлі спорттық жарыстар мен бұқаралық дене шынықтыру шараларын ұйымдастыруға атсалысып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды қолдаймын.

         Ауылдардың дамуы тек жергілікті бюджетке ғана байланысты болмауы керек. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалармен қатар, жеке инвестициялар тарту, демеушілік көмектер мен гранттарды пайдалану, басқа да қосымша қаржыландыру көздерін қарастыру бағытында жұмыс жүргіземін.

Бұл қаражаттарды ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыттау мәселесін көтеремін.

Әрбір ауылдық округтің өзіндік ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тұрғындардың ұсыныстары негізінде нақты жобаларды жүзеге асыруға күш саламын.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы