29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы

image.png 

Байсын Қуаныш Шыңғысұлы, Балқаш ауданының Жиделі ауылында туып-өстім және қазір де осы ауылда тұрамын. 2015 жылы Қ. Сәтбаев атындағы университетті «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолымды 2015 жылы «Zeinet SSE» ЖШС-да инженер-реттеуші болып бастадым, 2018 жылы «Азиялық газ құбыры» ЖШС-да бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі инженер болып жұмыс істедім. 2023 жылдан бастап «Монтажстрой» ЖШС-ның инженерімін. 2023 жылдан бері Балқаш аудандық мәслихатының депутаты ретінде тұрғындардың өтініштерімен тікелей жұмыс істеп келемін. Бұл тәжірибе ауыл тұрғындарының мұқтажын терең түсінуге, нақты шешім қабылдау мен ашық есеп берудің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.

 

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

1.      ЖОЛДАР МЕН КӨЛІК

Алдағы 5 жылда Жиделі ауылындағы Бәкей, Иманбеков, Кәрітоған, Достық көшелерінің және Құйған ауылындағы Жокмаров, Молдаров көшелерінің жолдарына күрделі жөндеу жүргізуге қол жеткізу. Жолдарды сапалы күтіп ұстауға және қоғамдық көліктің тұрақты жүруіне жәрдемдесу.

2. СУМЕН ЖӘНЕ ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ, КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Жиделі ауылының ауылішілік ауызсу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізуге, Жиделі ауылындағы Иманбеков, Қожабаев көшелеріне және Құйған ауылындағы Ни Хак Сун, Жокмаров көшелеріне түнгі жарық орнатуға қол жеткізу. Тозған инженерлік желілерді жөндеуге ерекше көңіл бөлу.                 

Қуатты өңірлер – қуатты ел!

 

3. ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУ

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру аясын кеңейтуге, жеке қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға жәрдемдесу. Аудан тұрғындары үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға қол жеткізу.

4. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ

Жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселелерінде ауыл тұрғындарының мүддесін қорғау. Жергілікті фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімдерін сатуға арналған, тиісті түрде жабдықталған алаң құруға қол жеткізу.

5. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫ

Іле өзенінің жағалауында демалушыларға арналған кемпинг үлгісіндегі демалыс аймағын ашуға, қазақ үйлерін орналастыруға қол жеткізу – бұл ауыл туризмін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Шағын бизнесті дамытуды, жастарды кәсіптік оқытуды және жас кәсіпкерлерді қолдауды басты назарда ұстау.

6. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА

Аудандық аурухананың жабдықталуын жақсартуға, бейінді дәрігерлердің қызметі мен шалғай ауылдардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға қол жеткізу. «Дипломмен ауылға» жобасын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану арқылы медицина кадрларын тартуды қолдау.

7. ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ

Жиделі ауылында спорт кешенін салуға, Құйған ауылында волейбол және баскетбол алаңын салуға қол жеткізу. Округтегі мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуға, білім беру ұйымдарына баратын жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беру.

8. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ

Қарт адамдар, балалы отбасылар және мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге күш салу. Әлеуметтік осал азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және аудан мекемелерінде қолжетімді орта қалыптастыруға жәрдемдесу.

9. САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ПЕН ИНТЕРНЕТ

Ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсартуға, сондай-ақ ауданның шалғай елді мекендеріндегі қамту аясын кеңейтуге қол жеткізу. Ауылдық мекемелерді цифрландыруды және электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды қолдау.

10. ТАЗА ӘРІ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЛДАР

Жиделі ауылдық округі әкімдігінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге қол жеткізу. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелерді абаттандыруға, қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жақсартуға, елді мекендерді көгалдандыруға және жайлы қоғамдық кеңістіктер құруға қол жеткізу.

Менің аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде алдыма қойған басты мақсатым – туған өлкем Балқаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосу, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және халықты толғандырған өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету.

Балқаш ауданының негізгі тіршілік көзі мен экономикалық әлеуетінің бірі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан шаруа қожалықтары мен ауыл еңбеккерлерінің мәселелерін көтеріп, олардың мүдделерін қорғауға басымдық беремін. Мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға, суармалы жерлерді тиімді пайдалануға, жайылымдық жерлер мәселесін шешуге және шаруалардың мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне ықпал етемін. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу көлемін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдаймын.

Баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларды, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды және тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарды қолдау шараларының тиімді жүзеге асуына атсалысамын. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізіп, тұрғын үй құрылысына жеке инвестиция тарту мүмкіндіктерін де қарастырамын.

Білім мен денсаулық – ұлт болашағы - Білім беру мекемелерінің материалдық жағдайын жақсарту мәселесін көтеру;

Ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал ету;

Қоғамдағы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аудару қажет. Осы орайда әлеуметтік көмек көрсету тетіктерінің тиімді жүзеге асуына, мемлекеттік қолдау шараларының уақытылы әрі қолжетімді болуына ықпал етемін. Әрбір азаматтың өтініш-тілегін назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетуді маңызды міндетім деп санаймын.

Депутаттың басты міндеті – халықтың ортасында болып, елдің талап-тілегін билік өкілдеріне жеткізу және оның орындалуына ықпал ету. Сондықтан ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдауды негізгі жұмыс бағытымның бірі ретінде қарастырамын.

Мен үшін депутаттық қызмет – мәртебе емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Елдің сенімін ақтау үшін құр сөзден гөрі нақты іске, уәдеден гөрі нәтижеге басымдық беру қажет деп есептеймін.

Әрбір тұрғынның пікірі мен ұсынысы маңызды. Сондықтан халықпен етене байланыста болып, елдің игілігі жолында бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Ауданымыздың өркендеуі мен ауылдарымыздың гүлденуі – ортақ мақсатымыз.

«Бірлік пен еңбек – берекелі болашақтың негізі!»

Халықтың сенімі – маған жүктелген аманат. Сол аманатқа адал болып, туған жерімнің дамуы мен ел игілігі жолында бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын!

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы