Болашақтың энергиясы

 whatsapp-image-2024-09-11-at-15.09.01-750x375.jpg

     Президент жа­нындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен «Энергетика секторын дамытуда атом энергиясын қолданудың әлем­дік тәжірибесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті , деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті.

Аталған іс-шараға Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Президент жанында­ғы Ұлттық ғылым академиясы және «Қазақстандық атом электр стансалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекші мамандары, ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Қатысушылар әлемдік аренадағы атом энергетикасының өзекті мәселелері мен даму келе­шегін талқылады. Талқылаудың негізгі тақырыптары атом стансаларының қауіпсіздігі, ядролық қалдықтарды басқару, бейбіт атом энергиясын пайдаланудың экономикалық орындылығы, сондай-ақ еліміздегі болашақ АЭС үшін кадрлар даярлау мәселелері болды. АЭС-ті пайдаланудың халықаралық тәжірибесіне және оның еліміздің энергетикалық секторын да­мы­ту үшін маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Жиында сөз алған Энергетика министрлігіне қарасты Ядро­лық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев электр қуатына сұраныстың жылдан-жылға артып отырғанын, күннен, желден, судан алынатын қуат көзі сұранысты тұрақты қамтамасыз ете алмауы мүмкін екенін айтты. «Энергетика министрлігінің соңғы деректері бойынша елімізде электр энергиясының ең жоғары деңгейдегі тапшылығы әзірден бай­қалып отыр және бұл тапшылық жыл сайын өсе береді. Өйткені елде жаңа өндірістерді пайдалануға беру электр энергиясының көп мөлше­рін талап етеді. Бұл тұрғыда атом электр стансасы «жасыл» энергия көзі сана­лады. Мамандардың баға­лауы бойынша жыл сайын қуаты 1 000 МВт АЭС жұмысы парниктік газдар шығарындыларын 3-7 млн тон­наға азайтады. Сонымен қатар сарап­шылардың бағалауынша, атом энер­гетикасы ғылымның, білім­нің және технологияның дамуына ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ұсынады. Атом электр стансалары дәстүрлі жаңартылатын энер­гетикалық қондырғыларға (ең алдымен жел және күн) қараған­да физикалық кеңістікті едәуір аз алады. Энергетика министрлігі 2035 жылға қарай шамамен 26 ГВт жаңа генерацияны енгізуді жос­парлап отыр. Елімізде салу ұсы­ны­лып отырған АЭС (1400 МВт-дан 2 блок) жаңа генерацияның жалпы көлемінің 9%-ын ғана құрайды. Сон­дықтан АЭС-тің 2 блогін салу бола­шақта электр энергиясының тап­­шылығын толығымен шеш­пей­ді. Демек еліміздің шеткі аймақ­тарында, мысалы, батыста және сол­түстікте 2-3 атом электр стансасын салу қажет», деді спикер С.Сахиев.
Ал дөңгелек үстелде сөз сөйле­ген Астана IT университетінің Ғылым және инновация департаменті ­директоры, физикадан PhD Нұр­хат Қуандықұлы Қазақстан электр энергиясының 76 пайызын кө­мір жағу арқылы қамтамасыз етіп отырғанын, бұл өткен ғасырдың амалы екенін жеткізді. Баяндамашылар түрлі деректер мен мысалдар арқылы АЭС-тің ауа райына қарамастан, үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтама­сыз ететін тұрақты энергия көзі еке­нін айтты. Сонымен қатар пар­ник­тік газдар шығарындылары­ның тө­мендеуі, ұзақмерзімді эко­но­микалық тиімділік сияқты бір­­қа­тар артықшылығы туралы сөз болды. Осыған қоса универ­си­тет­тегі тал­қылауда кадрларды дая­рлау және ядролық ғылымды дамыту мәселесінің де күн тәрті­бі­не шық­қаны, елімізде ядро­лық ғылым мен технология­лар саласындағы мамандарды даяр­лау орталығы құрылып жат­қа­ны, аталған орталық кәсіби маман­­дардың тапшылығы және зертх­а­налық базаның тозуы мәселелерін шешуге, сондай-ақ сыни білімді сақ­тауға бағытталғаны баяндалды.

                                                                                                                alatauaraiy.kz


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр
  • Алматы облысы: «109» бірыңғай байланыс орталығы 12 мыңнан астам өтініш қабылдады