ТІЛ МӘРТЕБЕСІ-ЕЛ МЕРЕЙІ

Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз-қазақ тілі.

Қазақ тілі - әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі.

        Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқараста туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы.

   Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Адамзаттың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.

 Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” - деген.

   Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.

 Амал не, туған тілімізді шұбар-лап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.

      Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Осыны қазақ жастары түсінсе екен деймін. Алайда осыны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдауды қор санап жүрген қазақ жастары қаншама?! Кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім. Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарын алар едім:

        

        «Ана тілінде ата-баба сыры бар,

        Аудармадан түпнұсқа-дай кім ұғар.

        Өсе келе құстың тілін  білсең де,

        Ана тілсіз оның қандай құны бар».

  «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді.

Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл – қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін

асырайық, ағайын!                                                                               

Айжамал МАМЫШОВА, мұғалім, штаттан тыс тілші.

 Бақбақты ауылы.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр