2025 жылдың 1 тамыздан бастап Алматы облысы аумағында "JASYL EL" жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымы жұмысын бастайды. 30 қыркүйекке дейін жалғасатын жоба аясында мыңға жуық жас өңірді көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарымен айналысады. Игі бастама экологиялық, әлеуметтік және азаматтық бағыттарды біріктіре отырып жүзеге асырылады.
«Бұл жоба жастарды еңбекке баулумен қатар, олардың бойында табиғатқа, туған жерге деген жауапкершілік пен патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған. Сонымен бірге әлеуметтік осал топтағы жастарды қолдау – басты басымдықтардың бірі»,- деп атап өтті Алматы облысы Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Құдырет Ғабитов.
Жобаға жұмыссыз жастар, студенттер, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, сондай-ақ NEET санатындағы азаматтар қамтылады. Қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөлінген. Оның ішінде нақты игерілетін сома – 133,9 млн теңге.
«Жобаны сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыру – біздің басты міндетіміз. Жастарға еңбек етуге барынша қолайлы жағдай жасап, олардың дамуына үлес қосу – үлкен жауапкершілік»,- дейді "FIRST DECORATION" ЖШС басшысы Димаш Қамбаров.
Маусым барысында "Өнегелі ұрпақ", "Таза өлке", "Жасыл аймақ", "Киелі мекен" сынды ауқымды акциялар өткізіледі. Сонымен қатар, өңір бойынша кемінде 25 сенбілік ұйымдастырылады. Жоба жұмысына облыс орталығында құрылған арнайы штаб жетекшілік етеді.