Дала төсін дүбірге бөлеген аудан диқаншылары арпа – бидай ору жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Олай дейтініміз, биылғы жылы аудан диқаншылары суармалы егістік алқаптың 5066 гектарына арпа – бидай және 500 гектарға сұлы дақылдарын еккен болатынды. Бүгінгі таңда арпа – бидай дақылы егілген егістік алқаптың 3420 гектарын бастырған. Орташа өнім әр гектардан 18 центнерден айналуда.
Ел игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыс аудан әкімінің тікелей назарында тұрғандықтан осы салаға жауапты мамандар арпа – бидай орағын жіті бақылауда ұстап, үнемі ат үстінде жүр. Жауапты науқанға біркісідей атсалысып жатқан диқаншылар қауымының жәй – күйін білу үшін осы аптада аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге аудан іргесінде орналасқан бірқатар шаруашылықтарды аралап шықтық. Суармалы егістік алқаптарда егін егумен тұрақты айналысатын шарушылықтардың бірі- Бірлік ауылдық округіне қарасты «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш шаруашылыққа атбасын бұрғанымызда, олар ерте көктемде өздеріне тиесілі суармалы егістік алқаптың 1367 гектарына бидай егіпті. Бүгінгі таңда бітік өскен дәнді- дақылдың 680 гектарын бастырып үлгерген.
Сапар барысында егін егудің қыр – сырын жетік менгерген «Агрофирма «Бірлік» ЖШС-гі директорының орынбасары Аршын Жақыпов аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановқа бидай орағына 12 «Енисей – 1200» және 1 «Лида - 1300» комбайындары мен 3 «YTO», 12 МТЗ-1221» тракторларының жұмылдырылғанын, сондай-ақ 1300 гектарға күріш дақылын, ал 2300 гектар жерге көпжылдық шөп егілгенін және 2001 жылы құрылған «Агрофирма «Бірлік» ЖШС-де 200-ден астам адам тұрақты жұмыс жасап жүргенін баяндап өтті.
Аталмыш шаруашылық бидай орағымен қатар жоңышқалықтың да екінші орылымын атқарып жатыр. 2300 гектар жерге егілген көпжылдық шөптің 500 гектарын шалғыға жығып, 300 гектарын бастырып, қысқы мал азығын жинау мәселесі де өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.Жұмысшы мамандық иелеріне ай сайын төленетін жалақысы да, отбасына қажетті мәселелерге де қарайласа білген шаруашылық басшысы Алмас Әбдіжаппарұлының ұстанымы «Адал еңбекпен табыс тауып жүрген азаматтардың еңбегін бағалау, адамгершіліктің басты қағидасы».
Әке тәрбиесін бойға сіңіріп, ауыл шаруашылық саласының бар күйбең тірлігіне мойын бұрған диқаншының алға қойған мақсаты - егістік алқапқа сіңірілген дәнді- дақылдардан мол өнім алып, қысқы мал азығын жеткілікті жинап алу. Бұл жылдар бойы жалғасып келе жатқан жұмыс жүйесі биыл да өз деңгейінде атқарылуда. Ауызбірлігі мен ынтымағы жарасқан Бірлік ауылының тыныс – тіршілігімен жақын танысу барысында көңілге түйгеніміз, ауыл тұрғындарының алға қойған арман - тілектері де, мақсаттары да суармалы егіс алқабында өсірілетін дәнді дақылдардың бітік өсіп, мол өнім бергені.
Шынымен де ойлап қарасақ, адамзат баласын бақытты ететін еңбек. Яғни, еңбек ету арқылы адам телегей теңіз табыстар мен шексіз жетістіктерге жетіп, қуаныш пен бақытқа кенеледі.
Адал еңбекпен табыс табуда алдына жан салмайтын диқаншылар қауымы ерте көктемнен бастап қара күзге дейін бел жазбай, ертеден кешке дейін еңбектің қарақазанын қайнатып, егіс алқабында жүреді. Олардың атқарып жатқан еңбектері ұшан-теңіз.
Дала төсін дүбірге бөлеп жатқан аудан диқаншыларының атқарып жатқан істері берекелі болып, несібелері арта түсуіне тіліктес болайық.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».