Осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімі Азат Құтпанбетов аудан орталығындағы М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебіне барып, аталмыш білім шаңырағына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу құрылыс жұмыстарын көзбен көрді. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Данияр Нұрманов, аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова аудан басшысына сапарлас болды.
Құрылсы нысанына арнайы атбасын бұрған аудан басшысы аталмыш білім шаңырағының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді өз міндеттеріне алған «Сем Шоғы Құрылыс – Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Жазықбаев пен құрылыс мердігерінің прорабы Нұрлан Төребектен осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жайында сұрап, 2025 – 2026 жаңа оқу жылы басталғанша білім шаңырағындағы құрылыс жұмыстарын толық қанды аяқтауды қатаң табыстады.
Сонымен қатар құрылыс нысанының техникалық қада-ғалаушысы Марат Тортаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошахановаға құрылыс жұмыстарының сапалы жасалуын һәм дер кезінде аяқталуын бақылап тұру жөнін-де бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Аудан басшысына атқа-рылған жұмыстар жайында әңгіме өрбіткен «Сем Шоғы Құрылыс – Сервис» ЖШС-нің директоры Серік Жазықбаев білім шаңырағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қазіргі таңда 40 пайызы жасалғанын және ғимараттың іші, сырты сыланып, ішкі әрлеу жұмыстарының 80 пайыз орындалғанын, сынып бөлмелеріне терезелер орнатылғанын, электр жүйесінің толық қанды тартылғанын, шатырлау жұмысының ағаш белдемшелерін құрастыру аяқ-талғанын қысқаша баяндап өтті.
Олардың өзара сұхбаттасқан әңгімелерінен түсінгенім мектеп ауласының шарбағы ауыстырылып, ғимараттың жылыту қазандығы табиғи газға қосылады.
Бар өнерлерін салып жұмыс қарқынын жеделдетіп жатқан құрыш қолды құрылысшылар білім шаңырағының күрделі жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтауға бар ынта – жігерлерін салып жұмыс істейтіндерін сөзден іркіп қалмады.
Аудан басшысының құрылыс нысанын аралаудағы басты мақсаты жасалынып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы аяқталып, сәнімен сәулеті жарасқан білім шаңырағында білім нәрімен сусындайтын оқушыларға бар жағдай жасалса.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».