Осы аптаның дүйсенбісі күні облыс орталығы Қонаев қаласынан ауданымызға Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жанар Махметова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек және мүгедектермен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Жансерік Әдиахметов, облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бас маманы Қуаныш Маратұлы арнайы іссапармен келіп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1-ші қыркүйек күні Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларды халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында кездесу жиын өткізді. Жиынға аудандық мекемеұйым басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиынды жүргізген аудан әкімі аппаратының басшысы Қанат Ақылбеков күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс орталығынан келген қонақтарға сөз берді. Сөз кезегін алған құрметті қонақтар Жолдауда қамтылған негізгі мәселелерге сай ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру мақсатында өз салалары бойынша баяндамаларын жасап, пікірлерін ортаға салды. Бұл Жолдау ұлт сапасын арттыруға, келешегіміздің жарқын болуына бағытталған нақты іс-шара. Экономикалық даму әлемдік деңгейдегі бәсеке болғандықтан, біздің мемлекетімізде де экономикалық даму мәселесі бірінші кезекте тұруы маңызды. Сонымен қатар Жолдауда айтылған әрбір мәселе жоспарға сай атқарылу үшін қамтылған сала бойынша жауапты тұлғалар өз міндеттерін ойдағыдай атқарып, жүктелген тапсырмаларды орындаса, тарихи құжаттың құндылығы арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелі болуына жан-жақты үлес қосып, Жолдауда қамтылған мәселелердің іс жүзінде орындалуына біркісідей атсалысайық!
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі»