ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА!


Төрт түліктің қыстан аман шығуы жаз мезгілінде қысқы мал азығын жеткілікті етіп дайындалуына тікелей байланысты. Өйткені қыс мезгілінде қорадан жем-шөп жеген төрт түлік қыстан қоңды шығады. Еті қоңды малдың сүті құнарлы болғандықтан төлі ширақ, тез оттығып кетеді. Сондай-ақ қар қалың жауып, қыстың сарышұнақ аязды күндері төрт түлік өріске шығалмай қалуы мүмкін. Сол себепті қыстың қамын жаз ойлаған аграрлы ауданымыздағы мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына қызу кірісіп, шөп ору науқанын  жандандырып жатыр.

 Жалпы айтқанда биылғы жылға аудан көлемінде 14 877 гектар суармалы жерге көпжылдық жоңышқа шөбі егілген. Бүгінгі таңда екінші орылымның 6836 гектары шабылса, 5 498 гектары бастырылған. Мұның сыртында 236 гектар жерден 12828 тонна пішендеме дайындалған.

Жаздың аптап ыстығына қарамастан дала кезіп қысқы мал азығын дайындап жатқан пішеншілердің жұмысы туралы газетке мақала жазу көптен бері жоспарлап жүрген жұмыстың бірі еді. Өткен аптаның бейсенбісі күні жоспарлы жұмысты бір жақты етуге сәті түсіп,  аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бүркіт Мұқановпен бірге «Өтес-Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына арнайы барып қайттым.

Сапар барысында байқағаным көк шалғынға шалғы салған пішеншілердің жұмыстары өте қарқынды екен. Аталмыш шаруашылықтың бригадирі Әбіш Бірлікбаевтың айтуынша өздеріне тиесілі 1548 гектар жерге көпжылдық шөп еккен. Олар бүгінгі таңда екінші орылымның 140 гектарын шауып, 60 гектарын бастырған. Шөп шабуға қажетті техникалары да сақадай сай жабдықталған. Қысқы мал азығын сапалы етіп дайындауды мақсат еткен пішеншілер, ерте тұрып, таңғы шықпен жұмыс жасап, түс мезгілінде  тынығып, кешкі салқында шөп басуға қайта кірісіп жүр. Соның нәтижесінде жоңышқаның жапырағы көк майса балғын күйінде сақталады.

Шөп ору науқаны басталғалы өз жұмыстарын тиянақты атқарып жүрген механизаторлар Құрыш Қиқаев пен Ерғанат Асанбай  биылғы жылы жоңышқа шөбінен басқа табиғи шөптердің өсімі жақсы екенін жасырмады. Бұл көктем айларында жауған жаңбырдың оң нәтижесі.

Шұрайлы жердің шөбі шүйгін малы да қоңды болатыны ақиқат. Ал қысқы мал азығын дайындау қыстан мал басын аман алып шығудың және көктем айларында түлік төлдерін көк майса өсіп жетілгенше қоректендіру үшін қажетті мал азығы.

Сондықтан қысқы мал азығын дайындап еңбектің көрігін қыздырып жатқан пішеншілердің жұмыстарына тек сәттілік тілейік.

 

                                                                                                                                Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,"Балқаш өңірі".

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр