Тұрғын үй-құрылыс секторы-Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясының басым бағыттарының бiрi болып танылды. Сонымен қатар тәуелсіз мемлекетіміздің қазіргі əлеуметтік-экономикалық дамуы кезеңінде ұлттық экономиканың барлық салаларын модернизациялау маңызды стратегиялық бағыты болып табылады. Сондай-ақ тұрғын үй нарығы оның даму қарқыны және ұлттық экономиканың негізгі жағдайының даму дәрежесін сипаттайды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үйлердің көптеп салынуы баспанасыз жүрген жанұялардың баспаналы болуларына мол мүмкіндік туғызып жатыр. Осындай мемлекеттік бағдарлама аясында кейінгі жылдары аудан орталығында жалгерлік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізіліп, жыл сайын тұрғын үй кезегінде тұрған жанұялар баспаналы болуда.
Биыл да ауданымызда мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында аудан орталығынан бірнеше жалгерлік тұрғын үйлер салыну жоспарланған. Қазіргі таңда Бақанас ауылында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 20 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жасалуда. Аталмыш бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары аудан әкімінің назарында болғандықтан осы салаға жауапты мамандар күнделікті жіті бақылауда.
Осы аптаның сейсенбісі күні аудан орталығында аталмыш бағдарлама аясында салынып жатқан 20 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын көзбен көру мақсатында ау-дандық құрылыс бөлімінің басшысы Айбын Жұмабековпен бірге аралап қайттық.
Ол жерге барған сәтте тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізуді өз жау-апкершіліктеріне алған «Асан М Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Жеңіс Мақұловпен құрылыс прорабы Жанат Әшімов және құрылыс шебері Марат Нұрбаев аудандық құрылыс бөлімінің басшысына тұрғын үйлердің құрылыс сызбасын көрсетіп, бүгінгі күнге дейін жасалған жұмыстарды баяндап, алдағы күндері жасалатын жұмыстар жайында өзара әңгіме өрбітті.
Құрылыс инженері Жеңіс Жақсылықұлының айтуынша 20 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары 30-шы мамыр күні басталған. Бүгінгі күнге дейін 20 тұрғын үйдің іргетасын қалау жұмыстары толық аяқталған. Ал 15 үйдің қабырға кірпіштерін қалау жұмыстары басталған. Құрылыс заттарын тасмалдау үшін арнайы техникалармен жабдықталғандығы көзге көрініп тұр. Жұмысшылары да жеткілікті екен. Әзірше 58 адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 5 адам аудан азаматтары. Солардың бірі Бақанас ауылының тұрғыны құрылыс шебері болып жұмыс істеп жүрген Марат Нұрбаев. Ол өзіне аудан орталығынан мамандығы бойынша жұмыс табылғанына дән риза. Осы жұмысқа орналасқалы ай сайын жалақыны да уақытылы алып, аудан орталығында салынып жатқан тұрғын үйлердің сапалы болуына аудан азаматы ретінде өз үлесін қосуды мақсат тұтып, бар ынта-жігерін салып жұмыс жасап жүргенін де жасырмады. Әңгіме барысында Марат өз ойын ортаға салып, «аудан азаматтары құрылыс бригадасында жұмыс істеуден үнемі бас тартады. Бұл жалқаулықтың белгісі» деген пікірін білдірді.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айбын Жұмабековпен сұхбаттасқанымызда ол өз сөзінде: «Бақанас ауылында бой көтеріп жатқан 20 жалгерлік тұрғын үйлердің әрқайсысы 3 бөлмеден, 70 шаршы метрді құрайды. Жалпы сметалық жоба құны 445,6 млн. теңге болса, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізуді өз жауапкершілігіне алған «Асан М Компани» ЖШС-гі 375,9 млн. теңгеге келісім-шарт жасады. Олар 30-шы мамырда бастаған құрылыс жұмыстарын бұйыртса осы жылдың қараша айында аяқталады. Әзірше құрылысшылардың қарқыны жаман емес.
Ал «Энергохолдинг LTD» жауапкершілігі шектеулі се-ріктестігі тұрғын үйлердің инженерлік-желілерінің құрылысы және абаттандыру жұмыстарын жүргізуді өз міндеттеріне алды. Бұл жұмыс-тарға республикалық бюджеттен 206,3 млн. теңге қаражат бөлінген. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың мақсаты пайдаланып, тұрғын үйлердің құрылысын сапалы жасау құрылыс мекемелерінің міндеті. Басталған құрылыс жұмыстары дер кезінде аяқталып, әрбір тұрғын үй сапалы жасалып, жоспарға сай жүйелі аяқталғанын қадағалап тұру біздің міндетіміз.
Алдағы күндері осы салынып жатқан тұрғын үйлердің қатарынан тағы да осындай үлгіде 30 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысы басталады. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің орыны белгіленіп, қажетті құжаттар жасалынып жатыр. Ол тұрғын үйлердің де құрылыс жұмыстарын «Асан М Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, инженерлік-желілерінің құрылысы және абаттандыру жұмыстарын «Жаңарту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаратын болады. Ауыспалы құрылыс нысан жұмыстары 2022-2023 жылдарға арналғандықтан бұл тұрғын үйлердің құрылысы келесі жылы аяқталады» деп өз сөзін түйіндеді.
Құрылыс нысандарының сапалы және сәні мен сәулеті жарасып тұруы құрылысшыларға тікелей байланысты. Өйткені олардың құрыш қолдарымен қаланған әрбір кірпіші, қаққан шеге орынын тауып орналасса, құрылыс нысандары ойдағыдай болып жасалады. Тұрғын үйлердің сапалы болуы жаңадан баспаналы болған жанұялардың игілігі. Ендеше жауапты іс міндеттелген құрылысшылардың құрыш қолдарына қуат берсін деп тілейік.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ