ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ-БАСТЫ НАЗАРДА!
Құрылыс нысандарының көптеп салынуы, сондай-ақ тозығы жеткен ғимараттарға ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі- өркениетке жол бастаған еліміздің әлемдік даму баспалдақтарына көтерілуінің бір белгісі болып саналады. Биыл ауданымызда тұрғын үйлер мен денешынықтыру сауықтыру кешені салынып жатса, ал бірқатар нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Соның бірі-Береке ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы. Аталмыш ғимаратқа «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары мамыр айынан бастау алған. Ғимараттың заман талабына сай болып жасалуы үшін құрылыс жұмыстарын жүргізуді өз жауапкершілігіне алған «ИКАР-СТРОЙ» ЖШС-гі бұл іске білек сыбана кірісіп, құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, халық игілігіне тапсыруды көздеп отыр. Ауыл ажарын көріктендіретін Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жөнінде ақпарат алу мақсатында осы аптаның сейсенбісі күні ауданда арнайы құрылған «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының жұмыстарын бақылау тобының мүшелері, аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаров, аудандық Ардагелер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаевпен бірге Береке ауылдық округіне барып қайттық.
Аудан орталығынан арнайы атбасын бұрған аталмыш топ мүшелерін күтіп алған ауыл әкімі Мұрат Түймебеав пен ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ясым Мақсұмов, Береке орта мектебінің директоры Еркебұлан Жебегенов бізге сапарлас болды.
Сапар барысында арнайы топ мүшелері ең алдымен Мәдениет үйінің құрылыс жұмысын аралап шықты. Алыстан ат арылтып келген қонақтарға «ИКАР-СТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс бригадирі Ерлан Жұмақанов бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды және қазіргі таңда жасалып жатқан жұмыстарды көрсетіп, одан кейін жоспар бойынша кезек күтіп тұрған жұмыс барысын әнгімеге арқау етті.
Ерлан Жұмақановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына жиырма бір адам қабылданса, олардың он бірі ауыл тұрғыны екен. Мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтыған құрылыс бригадирі ауыл жастарының арасында құрылыс жасауға икемді азаматтардың табыла кеткендігін айтып, қуанышын жасырмады.
Мәдениет үйінің жалпы құрылысына тоқталар болсақ, әктеу сырлау, жаңалау сынды ұсақ-түйек жұмыстарын айтпағанда, ғимараттың төбесіне шыны мақта төселіп шатырланады, сыртқы келбеті жауын-шашынға төзімді болатындай сыланады. Сонымен қатар, ғимараттың есік-терезелері ауыстырылып, жылу жүйесі мен шарбағы жаңартылады.
Мұнан соң «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылау үшін құрылған арнайы топ мүшелері Береке орта мектебіне бас сұқты. Ауылдағы білім шаңырағының директоры Еркебұлан Жебегенов бізді аталмыш бағдарлама аясында мектеп ғимаратының ішінен оқушылардың қауіпсіздігі үшін орнатылып жатқан дәретхана мен қолжуғыштардың құрылысымен таныстырды. Мектеп ішінде байқағанымыз құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған екен. Өйткені керекті дүниелер өз орындарына орнатылып, қолжуғыштардың шүмегінен су ағып, қолданысқа дайын тұр.
Осы орайда айта кетер болсақ, «REM PLAST LTD» ЖШС-гі аудан көлемінде 12 мектепке осындай дүниелерді орнатып жатыр. Бұл дәретханалар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Осылайша, құрылыс нысандарын аралап шыққан топ мүшелері құрылыс басшыларына әрбір орнатылған дүниенің сапалы болуын жіті қадағалап, кем-кетіктерді дер кезінде түзетуді тапсырды. Өйткені, құрылыс сапасы- басты назарда.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».