Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесін теледидардан көріп көңілімді қуаныш билегенін жасыра алмаймын. Өйткені дәл қазіргі сын шақта тұрғындарға осындай көмек-қолдаулар мемлекет және қоғам тарапынан ауадай қажет болып тұр.
Президентіміз өз сөзінде бірінші әлеуметтік мәселелерге, қазіргі қиын-қыстау жағдайдағы еліміздің тұрғындарының бүгінгі жай-күйіне ерекше назар аударып отыр. Ол зейнетақы мен жәрдемақының 10%-ға индексациялау, қосымша әлеуметтік төлемдерді кеңейту, азық-түлік тегін алатын азаматтардың санын арттыру, шілдеге дейін тегін медициналық көмек көрсету, індетке қарсы күрес бағытында алғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбекақысын көбейту және отандық фермерлерді қолдау, сондай-ақ карантин себебімен жұмысынан айырылғандарға жұмыс беру, еңбекақы қорына төлейтін салықтан босату сынды бүгінгі күннің өзекті де өткір мәселесін орынды көтерді.
«Бұл індет өтпелі, мұны да еңсереміз» деуі халықтың санасына үлкен үміт сыйлады . Шын мәнінде Президентіміз айтқандай мемлекет ұстанған бағытты қолдау, қиын шақта сабыр сақтау, дүрбелең туғызбау сияқты іс-қимылымызбен мемлекет және қоғам болып бүгінгі қиын-қыстау кезеңді де артқа қалдыратын күнімізде алыс емес.
Бақыт СҚАБАЕВ, Балқаш аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы