Жаңа Конституция —дамудың жаңа кезеңіне бастады

c6bb7296-8bd3-4157-940a-7a276dd00f09.jpeg

    Жаңа Конституция– мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жаңа талаптарға сай жетілдіруге бағытталған маңызды қадам.      

    2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Ата Заң еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңін бастады. Бұл тарихи шешім халықтың мемлекет болашағына қатысты маңызды мәселелерге қатысуының айқын көрінісі болды.

    Жаңарған Конституцияның негізгі өзегі – адам және оның қадір-қасиеті. Адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалуы қоғамдағы әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарының маңызын арттырады.Сондай-ақ әрбір азаматтың заңды мүддесін қорғау, жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз ету, ар-намысы мен абыройын құрметтеу – құқықтық мемлекеттің басты міндеттері. Сонымен қатар азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын, дербес деректерін және зияткерлік меншігін қорғауға қатысты нормалардың бекітілуі қазіргі заманның өзекті талаптарына жауап береді. Яғни бұл өзгерістер әр адамның қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, мемлекеттік органдардың азамат алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді. Өйткені мемлекет дамуының басты өлшемі – халықтың қауіпсіздігі, құқығының қорғалуы және өмір сүру сапасының артуы.

    Қоғамның тұрақты дамуы үшін заң бәрінен биік тұруы қажет. Жаңарған Конституцияда заң мен тәртіп қағидатына ерекше мән берілуі осы ұстанымның маңызын көрсетеді. Заң талаптары барлық азаматқа бірдей қолданылып, ешкімнің құқығы шектелмеуі тиіс.

     Әділетті қоғам құру тек мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты емес. Ол әрбір азаматтың заңға құрметпен қарауынан, өз міндетін адал орындауынан және өзгенің құқығын мойындауынан басталады. Құқықтық сауатты азамат өз құқығын қорғай біледі, қоғамдық тәртіпті сақтайды және ортақ мүддеге жауапкершілікпен қарайды.

     Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастарға заң талаптарын түсіндіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту және қоғамда адалдық құндылықтарын дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.

   Жаңа Конституция мемлекеттік билік жүйесін ұйымдастыруда да бірқатар өзгерістерді қарастырады. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай институтының енгізілуі, Вице-президент лауазымының белгіленуі және Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

    Бұл өзгерістер мемлекеттік институттардың өзара байланысын жетілдіру, заң шығару қызметін ұйымдастыру және қоғамдық диалогты дамыту тұрғысынан маңызды. 

    Сонымен бірге кез келген мемлекеттік құрылымның тиімділігі оның атауымен емес, халықтың сенімін ақтап, ел мүддесіне қызмет етуімен өлшенеді.

Күмісбек Ербаев,журналист.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жаңа Конституция —дамудың жаңа кезеңіне бастады
  • «Буллингке жол жоқ: өзара сыйластық және қауіпсіз қарым-қатынас»
  • «Этносаралық татулық пен келісімді нығайту» тақырыбында кездесу өткізілді
  • «Бір мезгілде. Бір мақсатта. Бірге оқимыз!»
  • ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ