
Конституция – мемлекеттің негізгі тірегі, елдің болашағын айқындайтын маңызды құжат. Ол қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан жаңарған Конституция – ел дамуының жаңа кезеңіне бағыт беретін, қоғамның сұранысы мен заман талабын ескеретін маңызды қадам.
Бүгінгі таңда әлем қарқынды өзгеріп, қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа талаптар қойылуда. Осындай кезеңде Конституцияның жаңаруы – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Оның басты мақсаты – мемлекеттің даму бағытын жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.
Жаңарған Ата Заңның мәні – адамды, оның өмірін, құқықтары мен қадір-қасиетін басты құндылық ретінде тану. Әрбір азамат заң алдында тең болып, өз құқығын қорғауға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алуы тиіс. Сонымен қатар заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділдік қағидаттарын нығайту және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру – құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері.
Конституциялық өзгерістердің нәтижелі болуы тек заңнамалық жаңартуларға ғана емес, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігіне де байланысты. Өйткені заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау – өркениетті қоғамның басты өлшемі.
Әсіресе жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет сезімін қалыптастырудың маңызы зор. Себебі елдің ертеңі – білімді, саналы әрі белсенді азаматтардың қолында.
Күмісбек Ербаев, журналист.


