
Конституция – мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын, қоғамның құқықтық негізін қалыптастыратын және ел болашағының бағыт-бағдарын белгілейтін басты құжат. Ол әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті де айқындайды. Сондықтан Конституцияның жаңаруы – ел өміріндегі маңызды саяси әрі қоғамдық оқиғалардың бірі.
Жаңа Конституция – уақыт талабына сай мемлекеттің даму жолын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге және құқықтық мемлекеттің негіздерін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Қоғам өзгерген сайын мемлекеттік басқару жүйесі де заман талабына бейімделіп, азаматтардың сұранысы мен қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық жаңғыру елдің алдағы даму кезеңіне жаңа міндеттер жүктейді.
Конституцияның негізгі құндылықтарының бірі – адам және оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары. Әрбір азаматтың заң алдында тең болуы, өз ойын еркін білдіруі, білім алуы, еңбек етуі және қауіпсіз өмір сүруі – өркениетті қоғамның басты көрсеткіштері. Құқықтық мемлекет құрудың негізі де осы қағидаттардан басталады. Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады.
Сонымен қатар жаңа конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, билік тармақтарының жауапкершілігін күшейтуге және қоғамдағы ашықтық пен жариялылықты дамытуға бағытталуы маңызды. Мемлекеттік органдардың қызметі халық мүддесіне негізделіп, әрбір қабылданған шешім елдің игілігіне қызмет етуі керек. Себебі мемлекеттің басты байлығы – оның табиғи ресурстары ғана емес, білімді, саналы, белсенді азаматтары.
Конституциялық жаңғырудың тағы бір маңызды бағыты – азаматтық қоғамды дамыту. Қоғамдық бақылаудың күшеюі, азаматтардың ел басқару ісіне белсенді араласуы және ортақ мәселелерді шешуге атсалысуы демократиялық құндылықтарды нығайтады. Әрбір адам өз құқығын біліп қана қоймай, қоғам алдындағы міндетін де терең түсінуі қажет.
Әсіресе өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Жастар заңды құрметтеп, ел тағдырына бейжай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы тиіс. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекеттің тірегі, қоғамның қозғаушы күші.
Конституцияның жаңаруы тек заңнамалық өзгерістермен шектелмеуі керек. Оның шынайы нәтижесі күнделікті өмірде, азаматтардың құқықтарының қорғалуында, әлеуметтік әділдіктің орнауында және халықтың әл-ауқатының артуында көрініс табуы тиіс. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, өзгенің құқығына нұқсан келтірмеу – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Күмісбек Ербаев, журналист.


