Мал өсірумен тұрақты айлалысып жүрген шаруашылықтар жаз мезгілі басталғалы көк шалғынға шалғы салып, қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын барынша қарқынды жүргізіп, жоңышқалықтың бірінші орылымын аяқтап қалды.
Жалпы айтқанда аудан бойынша биылғы жылға 14 219 гектар суармалы жерге көпжылдық шөп егілген болатын. Аудан диқаншылары жұмыла кірісіп қазіргі таңда 13 892 гектар жерді шалғыға жығып, 13 147 гектар жерді бастырып үлгерді. Кейбір жекелеген шаруашылықтар шөп шабу науқанының бірінші орылымын толыққанды аяқтаған.
Аудан көлемінде шөп шабу науқаны қандай деңгейде ат-қарылып жатқанын көзбен көру мақсатында осы аптаның бейсенбісі күні аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бүркіт Мұхановпен бірге аудан орталығына жақын орналасқан бірқатар шаруа-шылықтарды аралап шықтық.
Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына ерекше атсалысып жатқан шаруашы-лықтардың бірі Ақдала ауыл-дық округіне қарасты «Өтес-Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш шаруашылықтың №2 бөлімшесіне атбасын бұр-ғанымызда егіс алқабында бастырылған шөптерді тірке-меге тиеп жүрген механизаторлар -Айдар Нұрланов пен Мұхан Мансұровты жолықтырып, шөп ору жұмыстары жайында әңгіме өрбіттік.
Дала төсін дүбірге бөлеп жүрген пішеншілердің айтуынша аталмыш шаруашылыққа тиесілі 1448 гектар жерге көпжылдық шөп егілген. Оның бүгінгі таңда 1310 гектары шабылса, 1045 гектары бастырылған.
Шөп шабу науқанына төрт «MacDon», төрт шөп тиегіш қондырғы орнатылған «МТЗ-80» және шөп тасуға арналған алты «МТЗ-80» тракторлары жұмылдырылған. Жаздың аптап ыстық күндерінде пішеншілер таңғы салқында шөп бастыру жұмыстарын жасаса, кешкі салқынмен бастырылған шөптерді тасу жұмыстарын ат-қарады екен.
Сөз орайы келгенде пішен-шілерден шөптің түсімі жыл-дағыдай ма сұрағанымда, олар «көктемнің салқын желемік күндерінің салдарынан бірінші орылым жылдағыға қарағанда сәл кешірек басталды. Ал жаздың аптап ыстық күндері көк шалғынның жайқалып өсуіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Өткен аптаның жаң-бырлы күндері бидай дақылына пайдалы болғанмен дестеде жатқан жоңышқаның сапалы болып бастырылуына кері әсерін тигізді» деп жауап берді.
Осы орайда іссапардан ойға түйгенімді ортаға сала отырсам, шөп ору науқаны айтарлықтай қарқынды. Жаз мезгілі қысқы мал азығын дайындауға өте қолайлы кезең болғандықтан мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар жем-шөп қорын ерте кезден әзірлеп, қыстың қамын жаз ойлап жатыр.
Әсіресе пішеншілер ауа- райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі жойылмай тұрғанда жинап алуды басты мақсат санап, аптап ыстық күндерге қарамастан дала төсінде тынымсыз еңбек етуде.
Әрине бәрімізге белгілі, жылдағы әдетке сай осы кезеңдерде шөп ору науқаны-ның бірінші орылымы аяқ-талып, екінші орылымы басталар сәтте арпа-бидайға орақ салатын уақыттың келіп жететіндігі.
Аудан диқаншылары жыл сайын кезең-кезеңімен келетін науқанды шаруаларға күні бұрын дайындалып қою олар үшін қалыпты жұмыстардың бірі. Сапар барысында егін егумен айналысытын шаруашылықтар арпа-бидай орағына да дайындалып жатқанын аңғардық.
Еңбектің қара қазанын қайнатып, ерте көктемнен бастап, алажаздай дала төсінде жүрген диқаншылардың еңбектері еш болмаса, олардың несібелері артып, аудан тұрғындарының да абыройы да асқақтай түседі.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ.