Бұдан бұрын газет бетінде хабарлағанымыздай, белгіленген кестеге сәйкес осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі Азат Құтпанбетов Көктал, Ақкөл ауылдық округтеріне барып, кездесу жиындар өткізді.
Сонымен қатар бұл кездесу жиынға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров және бірқатар аудандық мекеме-ұйымдардың басшылары сапарлас болды.
Кездесу жиындарды жүргізуді өз қолына алған аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Тынышбалаұлы әдеттегідей күн тәртібіндегі негізгі мәселенің мақсатына баса тоқталып, сөз кезегін аудан әкімі Азат Үкітайұлына берді.
Аудан басшысы 2023 жылы аудан көлеміндегі атқарылған ауқымды жұмыстарға баса тоқталып, 2024 жылы атқарылатын жұмыстар жайында қысқаша баяндап шықты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, үй іргесінде балық өсіру, құс шаруашылығын өркендету және туризм саласын дамыту жайында әңгіме өрбітті.
Көктал ауылында өткен жиында ауыл тұрғындары көше жарығы, көктемгі және күзгі тазалық айлықтарында атқарылатын жұмыстар жайында, балалар ойнайтын саябақ салу, Аққайнар өзеніне салынатын көпір туралы мәселелерді ортаға салды.
Мұнан соң аудан басшысы Ақкөл ауылдық округіне қарасты Көкжиде ауылына арнайы атбасын бұрып, ауыл тұрғындарымен кездесу жиын өткізді. Жиын барысында көкжиделіктер электр сымдары жүргізілген бағаналарды ауыстыру, Ә. Өсербаев көшесіне түңгі жарықтар орнату, Қ.Үйірбаев көшесіне тас жол төселсе деген ұсыныстарын іркіп қалмады.
Ақкөл ауылдық округінде өткен жиында көше жарығы, аурухана мәселесі, қысқы мал азығы жайында мәселелерді ортаға салып, А.Тұрышов көшесіне жаяу жүргіншілерге арнап тас жол салу мәселесін көтерді.
Аудан әкімі кездесу жиындарда көтерілген барлық мәселенің дер кезінде шешімін табуына өзінің ықпал ететінін айтып, ауыл тұрғындарына аграрлы ауданымыздың өркендеп, экономикасының артуы үшін туризм саласын дамытып, жас-тарды түрлі кәсіпорындарын ашуға тәрбиелеу мақсатында бірнеше мысалдарды келтіріп, кәсіпкерлікпен айналысамын деген аудан тұрғындарына қолдау көрсететінін тілге тиек етті.
Кейінгі жылдары ауылдық жерлердің еңсесін тіктеп, тамырына қан жүгірту мақсатында мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар мен тың жобалар қолға алынып жатыр.
Ендігі кезекте ауыл тұрғындары қолда бардың қадірін біліп, заман талабына сай әрекеттер жасап, жаңа бағытқа бет бұрулары қажет-ақ.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».