ҚОС ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Биыл Қазақстан Республи-касының азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына -100 жыл толып отыр. Тарихқа үңілер болсақ, 1921 жылы 5 наурызда Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесі азаматтық хал актілерін жазу бөлімдерін ұйымдастырды. Міне, сол уақыттан бері еліміздегі АХАТ бөлімдері әр адамның тууынан бастап, оның өміріндегі маңызды сәттері, яғни некеге тұруы, балаларының дүниеге келуі, тіпті өмірінің ақырғы сәті қайтыс болу туралы акт жазбасымен растайтын құқықтық сипатқа ие құжаттарды тіркеп, рәсімдейді. Иә, уақыт керуені алға жылжыса да, ал адамдардың өмірдеректерінің барлығы осы бөлімде сақталады. Бұл аталған органның кез келген адамның өмірінде қаншалықты маңызды орын алатындығын дәлелдейтіндей.
Алғаш ірге көтеріп, қаз тұра бастағаннан, еліміздің егемендік алған уақытынан бері бүгінгі күнге дейін ауданымыздағы АХАТ органы да өз қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
Мерейлі мерекеге орай аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы өзінің жұмыс кеңсесінде ауданымызда жемісті еңбек етіп, өз қызметіне адалдық танытып, осы саланың дамуына білімі мен тәжірбиесін жұмсап келе жатқан мереке иелерін марапаттады. Атап айтар болсақ, Балқаш ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру, мемлекеттік-құқықтық және АХАТ бөлімінің бас маманы Молдахметова Жанар Мейрамбекқызы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, ал осы мекеменің маманы Жадыра Айман Әліханқызы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Осылайша, АХАТ бөлімінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген қос қызметкердің еңбегі еленді.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ, «Балқаш өңірі».