ӨМІРЛЕРІ ТҰНҒАН ӨНЕГЕ
Өткен аптаның қасиетті жұмасы күні аудандық кітапхананың ұйым-дастыруымен «Жақсы кітап-жан азығы» тақырыбында онлайн тікелей эфирде сұхбат болып өтті. Аталмыш сұхбат барысында ауданның және Алматы облысының Құрметті азаматы, Талдықорған қаласының тұрғыны, жерлесіміз Ормышев Алтынбек Иманқұлұлы «Ұлағат» атты кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.
Мәдени шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық кітапхананың директоры Нүрия Қапсаланова қатысты. Тікелей эфир сұхбатын жүргізген біздің әріптесіміз Бақтығали Дәуітбаев «Ұлағат» кітабының авторы Алтынбек Иманқұлұлына жаңа кітаптың мазмұнына байланысты бірқатар сұрақтар қойып, кітаптың қандай бағытта екенін айшықтай түсті.
Бабалар өсиетін ұлықтаған кітаптың тұсаукесер рәсімі Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен тұспа-тұс жарық көрген болатын. Бұл жинақта Орымбет Ормышевтың әулетінен тараған майдангерлердің өмір жолдары суреттелген. Ел басына күн туған сәт-қан майданда ерлігімен танылған Иманқұл Ормышев пен оның соғыстан қайтпай қалған бауырлары Құрманқұл мен Сейсеғұл жайындағы ұрпаққа толғанысы болса, жинақтың екінші тарауында соғыстан аман-есен оралып, бейбіт күнде де белсенділігімен танылған ардагер мен оның тылда ерен еңбек етіп, Жеңістің жақындауына үлес қосқан жары Жексенбике жайлы суреттелген.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін онлайн тікелей эфирден 200-ден астам адам көріп, өз ризашылықтарын лүпіл арқылы білдіріп отырды. Шара соңында «Ұлағат» кітабының тұсауы салтанатты түрде кесілді.
Айжан АХМЕТБАЙ, «Балқаш өңірі».