ТАРИХИ ТҰЛҒА- ОЙШЫ БАЙ
Аманжол Омарбаев, зейнеткер.
Жақында аудандық «Балқаш өңірі» басылымында Болат Шағатаев ініміздің «Өз дәуірінің демеуші тұлғасы» атты Ойшы Майасарұлы туралы жазған мақаласын бүге-шігесіне дейін оқып, танысып шықтым. Өте дұрыс және орынды жазылған тарихи мақала деп баға беремін. Осы мақаламен танысқаннан соң менің де ойыма Ойшы бабамыздың ел аузында жатталып қалған оқиғалары түсті. Біріншіден, мен кәсіби жазушы не болмаса журналист емеспін, десем де ойдағы дүниені әсерлеп жазуға тырыстым. Мұны оқырман қауым дұрыс жағынан түсінеді деп ойлаймын.
Бақ дарыған Балқаш өңірі кімдерге жұмақ төрі болмады десеңізші?! «Үш Қамау» атанған өлкенің топырағында бұқараға билік жүргізген патшалар мен хандардың, хас дұшпандарын жер жастандырған жаужүрек батырлар мен бағландардың, алқалы топта бітімін айтқан билер мен қазылардың, төрт түлігі мыңғырған байлар мен манаптардың, ауызы дуалы ғұламалар мен емшілердің, темірден түйін түйген ұста-зергерлердің, таңдайынан ән-жыр төгілген әнші-сазгерлердің, сөз жүйесін қиыннан қиыстырған ақын-дүлдүлдердің, табиғат тылсымының үніне құлақ түрген небір күйшілердің, зергерлік дүниелерімен талайды тамсандырған қолөнер шеберлерінің ізі қалғаны тарихтан белгілі. Солардың қатарында Ойшы бай Майасарұлының есімі бар екендігін кәзіргі ұрпақ өрендері мақтанышпен айта алады.
Мың ғасырлық тарихы бар қазақ халқының күні кешеге дейінгі елдігін, экономикалық негізін сақтап қалған қазақ байлары екендігін әрдайым ұмытпауымыз керек. Еш байлық еңбексіз келмейтіні ақиқат. Ал өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында «қойдай айдап» итжеккенге айдалған «бай-шонжар» дегендеріміз нағыз еңбек адамдары немесе сол еңбек етушілерді ұйымдастыра білгендер. Бүгінгі нарық тілімен айтқанда фермерлер еді. Олар бекерден-бекер малды талан-таражыға ұшыратпаған, қалай болса солай төгіп-шашпаған болатын-ды.
Нарық талаптарына сай бейімделе отырып, қазақ байлары ірі жәрмеңкелер арқылы орыс өнеркәсібіне шикізат дайындаушыларға айналды. Тарихи деректерге сүйенсек, арысы Ташкентке, берісі Қоянды жәрмеңкесіне барып, екі ортада сауда көрігін қыздырған Ойшы Майасарұлы- Іле Балқашта екінші гильдиялы көпес мәртебесіне ие болған жалғыз адам.
Ал Мият Көпелбаев болса «Баласы Жәлмендінің Пышан едім» атты кітабында Ойшы байдың байлығын былайша әңгімелейді: «Жәлменде мен Пышан қаншама бай болып кетті десек те, Іле, Қаратал бойын мекендеген елге атақ - даңқы асқақтай шыққан Ойшы байдың ширегіне жетпейтін еді. Ойшы байдың төрт түлік малының көптігін мынадан біліңіз. Базарға айдатқан малының алды Ташкентке жеткенде, арты ауылынан шыға бастайды екен. Қазіргі Алматы облысының Балқаш ауданындағы бүкіл малдың саны Ойшы байдікінен әлденеше аз дегенді көнекөз қарттар әлі де айтып отырады.
Сонша байлықтың бәрі ақ-адал еңбектің арқасында жиналған. Ойшы -есепке жүйрік кісі көрінеді. Десек те ел аузында «Ойшы қойшысын, қойшысы Ойшысын танымайды» деген сөз бар. Бұл дегеніңіз - есепсіз қыруар малдың көптігінен айтылса керек. Қыруар малға Ойшы қалай ие болды? Тоқетері ол малшыларының жемісті еңбек етуіне қажетті жағдайлардың бәрін жасады. Ішіп - жеміне таршылық жасамады. Сұрап келгендерге мініске ат та берді, сауып ішушілерге сиыр да берді. Тұқыммен, егістік жермен де көмек көрсетті.
Іле-Балқаш аймағындағы Байшегір ұрпақтары Жетісу губерниясы, Қапал уезі, Оңтүстік-Балқаш болысының әкімшілігіне бағынысты болатын. Балқаш өңірінде Іле өзенінің бойында тіршілік етіп жатқан елге әкімшілік басқару орталығы Қараталға қатынау үлкен қиындықтар келтірді. Жер шалғайлығы, жол қашықтығы сияқты кедергілер аз машақат болмайтын.Жолашылардың ат-көлігі ұзақ жолға шыдас бермей, жолаушылаған адамдар көп қиындықтармен бетпе-бет ұшырасатын.
Бөлек болыс болмай тозақ өмірден құтылудың жолын таба алмай тығырыққа тірелген жұрт ақыры ақылдаса келе, осы тығырықтан шығуды Арықтынымның Базар атасынан тарайтын Ойшы Майасарұлына тапсырады. «Жеңгенімді халық білсін, жеңілгенімді қалтам білсін» деп нартәуекелге басып, Ойшының іске кірісетіні-осы тұс. Әрі оның да орайлы сәті келіп тұрған болатын-ды.
Жазушы Бек Тоғысбаев «От пен күл» деген повесінде: «Қамау елі сол жылдарда Іле-Қаратал болысына қарайтын. Іле жақтағы Байшегірлер мен Қараталдағы Арықтыным бір болыс ел болғанда Жәлменде бұларға теңдік берген жоқ. Уезд орталығы-Қапалға жақын отырғандығын пайдаланып, әрі ояздың алды-артын орап, Қамауда жатқан қалың Байшегірге Жәлменде алым-салықты үйіп-төгіп, оқта-текте бір аралап қайтқаны болмаса, бұл елдің не сөзін, не ісін оңға бастырмайды. Ойшы Қаратал бойының азуы алты қарыс арыстан Жәлмендемен өмір бойы алысып өтті.
Ойшы сауда-саттықпен шылқи байыған соң, Іле Байшегірлерін бөліп алып, жеке болыс етуді көздеп жүрген. Ояздың бедеу қатыны ұл туып, соның тойына шақырылған Ойшы қойны-қонышына кесек-кесек ақша тығумен бірге 18-ге шыққан бала би Сүндетбайды да ілестіре барған. Ауыл молдасынан жеке хат таныған, оң-солын байқап, байыптай білетін Сүндетбайды жасы жиырма бесте деп таныстырғанда ұзын бойлы, жар қабақ, қырғи көз жігітке ояздың өзі де, әйелі де қызыға қараған.
Ояздың жаңа босанып отырған әйелін көрімдікке деп ұсынған уыс-уыс ақша емес. Ойшы ала келген жолбарыстың күшігі қызықтырған. Тірі жолбарысты өңі түгілі түсінде көрмеген жас әйел қуанғаннан қол шапалақтаған деседі. Және бір сүйінгені-Ойшы ала келген мамық құс төсек. Ұзынағаш-Пішпек-Әулиеата базарына ғана емес, Ташкент, Әндіжан жаққа да мал айдатып, ара-тұра өзі де барып-қайтып жүрген сұңғыла Ойшы оязға сол барған сапарында мергендерге Балқаштың айдынынан кіл аққу атқызып, бауыр жүнінен ақ мамық құс төсек ала барған-ды. Міне, осындай сый-сияпаттың арқасында Іле Байшегірлері Қараталдан бөлініп, жеке ел болыс болыпты. Бұл 1891 жылдың жасып желек жамылған жазы еді деседі көнекөз қариялар.
...Әлқисса. Он тоғызыншы ғасырдың соңында Қамаудың Құйған жақ тұсында екі ағайынды жiгiт тұрмыстық қажеттіліктен туған және көшпелі ортада сұранысы басым ағаш өңдеу ішіндегі аса іскерлік пен еңбекті талап ететін түрі-киіз сүйегін жасайтын үйшілер кәсібін меңгерген екен. Одан басқа істер жұмыстары болмағандықтан жұпыны ғана тірлік кешіпті. Күндердің күнінде сол ағайынды жігіттің бірі көл жағасындағы тоғайдан киіз сүйегіне қажетті ағаш таңдауға барып қайтар жолда қалың қамыстың ортасымен өтуіне тура келіпті. Жолай жаңа туған жолбарыстың күшігінің үстінен түседі. Алып кетейін десе, күшік енді ғана көзін ашып, күншуақтап аяғын апыл- тапыл басып жүрген кезі екен. Біраз есейгенде бұл жерге қайта оралармын деген ойды көңіліне түйген ол, кері қайтар жолының қамыстардың басын буып, келер бағытын белгілеп отырады.
Есейді - ау деген уақыт жеткенде манағы тұсқа қайта оралады. Апаннан күшіктің сыртқа шығар мезгілін аңдып отырып, сәтін салып ұстап алып күшікті қапқа салып үйіне алып келеді. Киіз үйдің ішіндегі жүкаяқтың астынан кішігірім ор қазып, бөгде адамдардың көзінен елеусіз ұстайды. Күндердің-күнінде көрші ауылда тұратын аналары қонаққа келіпті. Қос ұлы өз жұмыстарына кеткенде, оңаша үйде қалған аналары төр жақта жер астынан әлдененің қыңсылаған дауысын естіп, кәдімгідей елегзиді.
Балалы үйдің ұрлығы жатқан ба, жалаң бұт, жалаң аяқ жүгіріп жүрген қара сирақ немерелері әкелерінің жолбарыстың күшігін жасырын асырап жатқандығын айтады. Аналары болса, бұны ең жақын абысынының біріне жеткізеді, ол «мен айтты деме» деп үшіншісінің құлағына сыбырлайды, ақыры жолбарыстың әңгімесі Ойшы байдың құлағына тиеді. Бұл кезде ол Қапалдағы ояздың қайтсем көңілін табамын деп жүрген кезі екен.
Жағымды хабар құлағына жетісімен Ойшы бай атқа қонып, әлгі ауылға өзі арнайы іздеп барып, ағайынды жігіттермен сөйлеседі. Жолбарыс күшігінің орнына төрт түліктің әрқайсынан тоғыз байлатқан мал беретіндігі жайлы уәделі сөзін бергенен кейін жолбарыстың күшiгi Ойшының қолына өтеді. Ағайынды жігіттердің содан бастап тұрмыстары оңалып, кәдімгідей ел қатарына косылыпты деседі. Содан кейін жолбарыс күшігін ұстаған жігіт үй жону кәсібін мүлдем доғарып, бірыңғай аңшылықпен айналысып кетіпті. Ал Ойшы байдан сыйлыққа алған жолбарыстың күшігіне Қапалдың оязы әдемілеп темір тор жасатып, күшікті өз атынан генерал-губернаторға тарту етіпті. Сөйтіп, бай да, кедей де, ояз да діттеген мақсаттарына жетіп, олжаларына олжа қосыпты.
Міне, іргелі істердің, жүйелі жұмыстардың бағыт-бағдарын тереңнен ойлайтын Ойшы бабамыз жайлы аз-кем деректер жиынтығы осындай.
Мен бүгін үлкендерден естіп-білген оқиғаларды қағаз бетіне кейінгі буын бір қажетіне жаратар деген мақсатта түсіріп отырмын. Кем-кетігі болса, еш сөге көрмеңіздер.
Тарихи тұлғаға айналған Ойшы бабамыздың есімі ғасырдан-ғасырға мәңгілік жалғасады деген сенімдемін. Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні де осы.
Ақдала ауылы.