
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум өтті.
Орталық референдум комиссиясының ресми мәліметі бойынша, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12
пайызы қатысып, дауыс бергендердің 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Жаңа Ата Заң 2026 жылғы
1 шілдеден бастап күшіне енді. Осылайша еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезең басталды.
Жаңа Конституцияның негізгі бағыттарының бірі – адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең
жоғары құндылығы ретінде тану. Бұл қағида қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімін
қалыптастыруда ерекше маңызға ие.
Әрбір азаматтың заң алдындағы теңдігі, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуы, білім алуы, еңбек етуі және
өз қабілетін жүзеге асыруы құқықтық мемлекеттің негізгі белгілеріне жатады. Конституцияда бекітілген құқықтар
күнделікті өмірде нақты жүзеге асқанда ғана өзінің шынайы мәніне ие болады.
Азаматтардың құқықтарын қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Әр адам өз құқығын біліп, өзгелердің де
бостандығы мен заңды мүдделерін құрметтеуі қажет. Құқықтық сауаттылық жоғары қоғамда заң бұзушылықтың алдын
алу мүмкіндігі артып, адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті қалыптасады.
Қоғамның дамуы заңға құрметпен қараудан басталады. Заң мен тәртіп қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін
қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
Әрбір азамат елдің дамуына өз үлесін қосып, ортақ құндылықтарды сақтауға атсалысса, Қазақстанның тұрақты,
қауіпсіз және өркендеген мемлекет ретінде дамуына берік негіз қаланады.
Күмісбек Ербаев, журналист.


