ТАРИХ ТАНЫМЫ-ҰРПАҚҚА ТАҒЛЫМ

3990242.jpg


Ел бақытын тербеткен Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен-ақ ұлттың рухани болмысы, бет бейнесі саналатын мәдениетімізге қамқорлық жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңыш Президенті Елбасы Н.А.Назарбаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымыз – мәдени мұраларымызды жүйелеп, оларды қалпына келтіру, сақтау, одан әрі дамыту, өскелең ұрпаққа насихаттап, бұқара халыққа таныту ісін жандандыру міндетін жүктеген болатын. Осыған байланысты экономикамызды тұрақты дамытумен қатар төл мәдениетімізге де айрықша қолдау көрсетіліп, облыс көлемінде тарихи-өлкетану музейлері, әдеби-мемориалдық музейлер жұмыстары жанданып, мәдени-тарихи, археология және сәулет мұраларымыз түгенделіп, қайта жаңғыртылып көне шаһарлар мен қорғандарға қазба зерттеу жұмыстары жүргізіле басталды, тарихи-танымдық, әдеби-көркем туындылар баспалардан жарық көріп, төл тарихымыздың ғажайып тұлғаларына ескерткіштер қойылды. Осындай рухани құндылықтарымызды сақтау және қамқорлыққа алу ісі ұрпақ тәрбиесі мен ұлт руханиятының дамуына көп ықпал етті. Әсіресе, бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық сипатымызды ерекшелеп, келешек ұрпақ санасына жеткізудегі абыройлы міндеттердің орындалуына бастама болды. 

Осы орайда өңірдегі қазыналы қарттарымыздың, алдыңғы толқын ардагер әке-аналарымыздың, көпшілік қауым, зиялыларымыздың ұсынысымен, сол кездегі ел басқарып отырған, аудандық, облыс деңгейіндегі басшыларымыздың қолдауымен   Алматы облысы әкімдігінің 2003 жылдың 13 мамырындағы №29 қаулысы негізінде  құрылтайшысы Балқаш аудандық әкімдігі болып, Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейі құрылып, музей қызметінің музей Жарғысында көрсетілген мақсат-міндеттерін негізге ала отырып,мемлекеттік мәдениет саясатын жүзеге асыруда өлкетану және аудан тарихын насихаттау бағытында өз жұмысын сол жылдың қыркүйек айынан бастады. Музейдің директоры болып Демеуқұлова Зәуреш Жұмағалиқызы тағайындалып, директор басшылығымен және сол кездегі Алматы облыстық мәдениет басқармасының қызметкері Ботантаева Гүлмира Нурәліқызының қатысуымен, аудандық музей ғылыми кеңесі құрамындағы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер-жазушы, ақын Нұрсапа Аманжолов, сол кездегі «Балқаш өңірі» газетінің редакторы Жолболды Ысқақов, зейнеткер, тарихшы, діндар Қуанышбек Басшыбаев, зейнеткер, геолог Әкешбай Медетов, эколог Әділхан Нәдірбеков тағы басқа мамандардан құрылған топ аудан елді мекендерді аралап, аудан тарихы жайлы дерекқор мен музей қорына музейлік мәні бар жәдігерлер жинау жұмыстарын жүргізудегі алғашқы іс-сапарын бастады.

Музейдің құрылу тарихы жайлы сөз болғанда, бұл жөнінде Зәуреш Жұмағалиқызы былайша еске алып: «Аудан орталығынан шалғайда жатқан Қарой өңірінен басталған топтың іс-сапары үш ай мерзіміне ұласты. Осылай ел-елді, жер-жерді, үй-үйлерді аралап, ауыл ақсақалдары, көнекөз қариялар мен «ел тарихын, жер тарихын жете біледі-ау» деген жұртшылықпен жүздесіп, ел аузындағы аңыз-әңгіме, әфсаналар, естеліктер мен жадыхаттар негізінде музей қорының тарихи-мәдени мұраларының алғашқы «Әліппе» парағы ашылды.

      Өлке тарихын танытуда музей ашылардан біраз жыл бұрын ауданның құрылу, өсіп-өркендеп, даму тарихы жайлы деректер жинау жұмысымен айналысып, баспасөз бетінде өлке тарихы жайлы қалам тартып жүрген еңбек және соғыс ардагері Өксікбай Исабайұлының аудан мұрағатындағы деректерден тыс дәйектер беретін шығармашылық еңбектері, әр кезде баспа бетінде жарық көрген тарихи-танымдық материалдар мен жеке кітаптары музей қорының ұрпақ дүниетаным көкжиегін кеңейтетін басты құндылығына айналды.

            Іле-Балқаш өңірінің табиғатын, тамырын тереңге тартқан тарлан тарихын, мәдениеті, руханияты мен өркениетін зерделеп, зерттеп әр өңірдегі киелі жерлер мен қасиетті орындар жайлы таным беріп, деректер мен дәйектер жинақтап, музей жұмысын дамытып, өркендеуге әр ауыл құймақұлақ, шежіре кеуде ел азаматтырының қосқан үлесі айтарлықтай болды.

            Қаройлық Нәдір Жұмабекұлы, Сейітқали Бурабаев көшкеруенді алғашқы қарсы алғандардың бірі болып, керуен тізгінін ұстап, құм астындағы құндылықтарымыз, көне қалашықтар мен бекініс орындарын аралатып, қазақтың соңғы ханы Хан-Кенеге қамал болған Балқаштың қоғалы көл, құм суын жағалап, «Ақанбайдың ақ құмы» атанған биік төбе басына ат басын тіреп, жағалай отырған қауымға екінің бірі біле білмейтін тың деректерден хабардар еткен әңгіме түйінін таратқан еді. Осындай қызықты әңгіме-аңыздарға толы бас қосу, жиындар әр ауылда жарасымды жалғасын тауып жатты...

Музейдің алғашқы кезеңінде аудан тарихының бірге жасасып келе жатқан тарихтың өзіндей, көненің көзіндей болған ардагерлер Әбдірасыл Сейдахметов, Үйсіп Тілеубаев, Жексенкүл Ахаева, Кеңесбай Сүлейменов, Мырзағали Жұмабеков, Қалтай Шымырбаевтардың тағы басқа ел азаматтарының  өлке тарихын тілге тие кеткен туындылары музей қорын толықтыра түсті.

            Ауызекі әңгіме, сұхбат арқылы естіген, көрген, білгендері жайлы баян еткен ақкөлдік Шайкүл Солтанаева, желтораңғылық Күншай Досымбаева, көкжиделік Бибігүл Басшыбаева, Сағат Мұқымжановалардың естеліктері мен еңбек және соғыс ардагері құйғандық Аманжол Исақов, Орынтай Асабаева, қарағаштық Әбдіхан Рахымов, көкжиделік Алмабай Әбдірайымов, Мұрат Бейсенбеков, көкталдық Смат Төлепбергенов, Әлмағанбет Тастанов, ақдалалық Әділхан Алин, сондай-ақ Байораз Нүсіпов, Сабанбай Қалмұратов, Ізбасар Балтағұлов, Байділда Нарбаев сынды елге сыйлы қазына қарттардың аузынан естіген әңгіме-естеліктер желісіндегі бақанастық Шапай Есжановтың, ақжарлық Арын Деңгелбаевтың жадыхаттары мен кеңес дәуірі кезеңінен көптеген мағлұматтар беретін Нұртай Өксікбаев, Жұмағали Демеуқұлов, Ақылбек Қалдыбеков, Исахан Осымов, Рамазан Сүлейменов, Асылхан Елбосынов, өлкетанушы Жетпісбай Қойшығұловтың қолжазбалары музей қорын байыта түсті. Халық ақыны Медет Жиенбайұлының, діндар Хасен Мыңжасарұлының арабша жазылған қойын дәптеріндегі шежірені тәржімалап танытуда ақын Нұрсапа Аманжолов пен «Қазақ ССР оқу ағарту ісінің үздігі» Жақаш Басшыбаев айтарлықтай еңбек сіңірді.

Сондай-ақ ауылдардағы тарих қойнауынан сыр шертетін мектеп жанындағы муражайларда жинақталған жәдігерлерді музей қорына өткізуде №1 Ж.Жабаев атындағы орта мектебінің директоры-Қоқанбаева Зәуреш, «Үлгілі» орта мектебінің директоры-Әбдікеров Мәулен, «Бозжанов» атындағы орта мектептің директоры- Гүлшат Аманжолова, Ақкөл орта мектетебінің директоры-Өксікбаев Бақытжан жетекшілік еткен ұжымдар белсенділік танытты. Ашық аспан астындағы мұражайлар, әулие-әмбие, бақсы-балгерлер, батырлар мен билер сынды танымал тұлғаларға зиярат етіп, киелі орындар мен қасиетті жерлерді аралатып, олар жайлы білетін қариялар және тума-туыс, ұрпақтармен кездесіп деректер жинауда, өлкедегі түйін түйген шеберқол ұсталар Бекбаулиев Мамыш, Асқарбай Бөлешұлы, Шайкөз Тұсжановтардың отбасы, әулеттерінде сақталған жәдігерлерден басқа, Бояулы ауылындағы Молдасейіт ұстаның көміліп қалған жертам – ұстаханасын ашып, құран бағыштап, ілу іліп, ішіне кіріп, көрік тағы басқа ұсталық бұйымдар алынып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, музей экспозициясына қоюдағы, сонымен қатар музей маңын абаттандырып, көркейтіп-гүлдендірудегі Қуанышбек Басшыбайұлының ереулі еңбегі ел есінде.

Алғашқы айлардың өзінде музей қорына тарихи сәттерден түсірілген 365 суреттер топтамасы жинақталып, іріктелініп, тамыз айында «Заман-Ту» фирмасының шығармашылық еңбегі, алғашқы суретті фотоколлаж музей төріне ілінген болатын. «Чухрат» баспасында басылған атақты бай, манап-Жәмеңкенің Сауд Арабиясынан әкелген, үш ғасырдың күәсі, киелі Құран-Кәрімнің, Бәйтік батыр әулетінің қасиетті шаңырағының, қаройлық Нұр баба ұрпақтарының білте мылтығы мен Сүндетбай болыс әулетінің қолдиірмені, Райбек Соқбайұлының сәуегейлік жасап, бал ашқан қырық бір құмалағын. Қыранбай бақсы ұстанған жауырыны және елу жыл ел ағасы, дана топырақтың дара перзенті, балқаштың «Димашы» атанған, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Д.А.Қонаевтың тұтынған,  сыйға берілген жәдігерлері, сондай-ақ мемлекеттегі қоғамдық-саяси қызметтегі фото суреттер, музей қорына алынып, бір ғана әулетке мирас болған құндылықтар өлке тарихына қатысты ортақ жәдігерге айналды.

Сондай-ақ музей қорын құнды экспонаттармен толықтыруда демеушілік танытып, туған жеріне, еліне, оның тарихына деген сүйспеншілігі мен елжандылығы халық алдындағы абыройы мен құрметі асқақтатқан ауданның құрметті азаматтары Әбдібаев Нарымбет Тұлғабайұлы мен Ибраев Асқар Серікжанұлының еңбектері музей тарихының айшықты беттерінен орын алары сөзсіз Қапшағай фарфор зауытының директоры Съезбек Ақылтаев музейдің сыртқы қоршауын қоршатып, ауласына көркем қыштан төсеніш төсетіп бергені де, туған өлке тарихына деген ілтипат құрметіне туған азаматтық іс» деп, алғыс сезімін білдіріп отырады. Музей 2006 жылдан бастап жоғарыда есімдері құрметпен аталған жандардың игілікті ісін жалғастырып, бүгінгі таңда музей меңгерушісі болып қызмет атқарып келемін.

Бұл күнде негізгі қорында 1816 экспонат-жәдігер жинақталып, Тәуелсіздік жылдары ұлт руханиятын, мәдениеті мен өркениетін дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан музей ұжымы жұмысының жетістіктері, біздің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесіне тарту еткен «тарих сыйы» деп ұғынып, Тәуелсіздік шаттығына қосқан үлесіміз деп білемін.

 

 

Балқаш аудандық тарихи- өлкетанумузейінің меңгерушісі:

Басшыбай Ахмет Қуанышбекұлы.


 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 күндік таңғы жаттығу
  • АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
  • Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде
  • Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер
  • Атом электр станциясын салу жөніндегі