
Жаратылысында «адам» деген атты иеленгенімен, оған «азамат» деген атты қоғам береді. Ісі мен сөзі үйлескен, білімі мен біліктілігі сабақтасып, пайымы мен парасаты ұштасқан адамды көпшілік «азамат» деп үлгі тұтады. Ал қоғамда еліне аянбай еңбек еткен,туған жердің түлеуі үшін ештеңеден тайсалмаған атпал азаматтар жетерлік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс» деді.
Бұл тұрғыда ауданның өсіп-өркендеуі жолында ұзақ жылдар аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын осы жолға арнаған, бүгінде абырой биігінен көрініп, зейнеткерлік жасқа жетсе де еңбектен қол үзбей, «Мелиоратор» ЖШС-де жүргізуші болып еңбек етіп жүрген, абырой биігіндегі атпал азаматтардың бірі - Базаралды Дүмшебайұлы Мұсаев.
Елу жылдан астам жүргізуші болып еңбек етіп келе жатқан Бақанас ауылының тұрғыны Базаралды Дүмшебайұлы туралы осылай десек, бұл – біздің әсерлеп айтып отырғанымыз емес. Әйтпесе, әңгіме кейіпкерінің жүріп өткен ұшы-қиы-ры жоқ соқпақты жол тараптарын кім санап, кім өлшеген десеңіз - ші?!
Адам баласының коғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы-тікелей оның ад-амгершілік қасиеттері мен еткен еңбегіне байланысты. Егер ол айналасындағыларға қайырымды, адал жан болса, қоғамдағы сыйлы бағасын да, орнын да иемденеді. Сабырлы мінез, сырбаз қалпынан айнымайтын, жүрген ортасына сыйлы, еңбектің майталманы атанып, асау асуларды бағындырып жүрген Базаралды да дәл осындай азаматтың қатарында. Ол турашылдықты, шыншылдықты сүйетін, eкi сөзге жоқ, уәдеге берік азамат. Әр уақытта да басын тік ұстап, тіке қарап сөйлейтін, не істесе де шын ниетпен, шын жүрегімен істейтін, ары таза азамат.
Бүгінде өзінің өмірлік кәсібінен қол үзбеген әңгіме кейіпкерінің еңбек жолы 1968 жылдың 1-ші тамызынан басталады. Бақанас орман шаруашылығы мекемесінде трактор рөліне алғаш отырғанда, Бәкен өзінің саналы ғұмырының жарқын жылдары кең даланы шиырлаған шым-шытырық жолдардың үстінде ел дәулетін еселеумен өтетінін бағамдай қоймағанда болар?!
Еңбек жолы XII ғасырдағы көне қала «Ақтамның» айналасын көркейтуден басталған. Құландар жортқан құла дүзге сексеуіл егуге қатысып, оны күтіп-баптауда бозбала жігіт өзінің еңбекқорлығымен әр-іптестерінің құрметіне бөлене білді. 1970 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын Германияда өтеді. Мұнда да танк жүргізушісі болып, аз уақыт машықтан өткенен кейін, ауыр танкіні ұршықша иіретін танкистердің қатарынан табылды. Бірде Германиядағы әскери округте танкистердің жарысы өтетін болды. Оған ең үздік әрі тәжірибелі деген танкистер таңдап алынып, дайындық қызу басталып жүре берді. Алдағы сынақтың жүгі әрине ауыр. Берілген тапсырма анау-мынау емес, танкіні «Штраус вальсімен» билету керек.
Оның үстіне жарысты көруге ГСВГ колбасшысының өзі келіп қатысатындықтан, міндет одан да жауапты болды. Күткен күн де келіп жетіп, жарыс та басталды. Кезегі келіп, ортаға шыққан Базаралды бастаған танк экипажындағы- Андрей Федотов, Дамир Тайыров, Александр Пушкарев «Штраус валь-сін» бастап кеп жіберді.
Ауыр танкі вальс ырғағымен билеген сайын жиналған бір сиқыр сезім өзінің тылсымына баурап алды. Классикалық ат спортының токтау, шегіну, шабу сиякты түрлеріндегідей өнерді көрсетіп, келесі кезекте танк-ті бір жағынан екінші жағына шоқырақтатып, бүйірімен оң жақ, сол жаққа жылжытып, қатты жылдамдықпен белгіленген аумақтың бір бұрышынан екінші бұрышына жүру, бір орында тұрып шеңбер жасау сияқты танктің әсем биі жарыс қорытындысында олардың көрсеткен өнерлері жоғары бағаланды. Гарнизон қолбасшылығы экипаж мүшелеріне арнайы диплом табыстап, өзге танкистерге де танкіні калай билетуге болатындығын үлгі етті.
Әскер катарынан оралысымен Бақанас автотранспорт кәсіпорнына жүргізуші болып орналасып, сол мекемеден табан аудармастан 2005 жылға дейін жұмыс істеді. Осы жылдар бедерінде еліміз бойынша көптеген жерлерді темір тұлпарымен аралап, жолаушылардың алғысын алды.
Адам баласының еңбегінің бағалануы, ардақталуы оның адамгершілік қасиеттері мен төккен теріне тікелей байланыс-ты екені хақ.
Бұл тұрғыдан ой жүйелер болсақ, ұзақ жылдар темір тұлпарды тізгіндеген Базаралды Мұсаев 2012 жылы «Айзат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. Содан бері «Мерседес-Спринтер» маркалы екі шағын автобусымен Бақанас-Құйған бағытында күнделікті жолаушылар тасымалдаумен шұғылданып, аудан тұрғындарының алғысына бөленгені бар. Үлгілі отбасы ретінде ауылдастарына сыйлы Бәкеңнің жан-жары Мелскүл Жұмашева ұзақ жылдар ау-дандық банкте жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының банк саласына еңбегін сіңірген қаржыгері болды. Отбасында «Балаларын бақыттым» деп бағалайтын олар Мейраш, Гүлзат, Айзат, Абай есімді балалары мен немерелерінің қуаныш-қызығына бөленіп, солардың тілеуін тілеп, жүргенде, өкініштісі сол, өмірде жанына сүйеу болған асыл жары өмірден озды. Оның орны бүгінде ойсырап-ақ тұр.
Еңбектің қара қазанында қайнап келе жатқан Базаралды Дүмшебайұлы өз келешегіне өз қолымен жол салып, адал еңбегімен арманына жете алған қарапайым жұмысшы мамандық иесі. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз темір тұлпарды тізгіндеп келе жаткан Бәкеннің еңбегін қалай айтсақ та, өзгелерге үлгі етіп айтуға да, мактауға да тұрарлық. Жер шарының жартысын жүйткіген тұлпарымен айналып жүрген Бәкеңнің еңбегі өз дәрежесінде бағалануға әбден лайықты.
Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер сенімін ел сақтар», «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер» деген даналық сөздер, еңбек-тене білу адамдарға қажетті нағыз байлық екендігін айтып тұр емес пе? Жалпы адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Жастайынан еңбекке ұмтылып, бүгінде содан қол үзбей келе жатқан әңгіме кейіпкерінің жүріп өткен еңбек жолы толағай деп есептейміз.
Өз тілшімізден.


