МӘДЕНИЕТ - ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ
Гүлзат СӘЛІМЖАНОВА, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.
Мәдениет - адам жанын тәрбиелейтін құрал болса, мәдениет қызметкерлері - адам жанының тәрбиешісі деуге болады. Мәдениет пен өнер біте қайнасқан қастерлі ұғым. Мәдениет - ел мәйегі, оның рухани болмысы десек, өнер-ұлттың жаны, мәдениеттің айнасы. Кез-келген өркениетті ұлт, ең алдымен тұғырлы туған тілімен, тағылымды тарихымен, әдебиетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен айрықшаланатыны белгілі.
Мәдениеттің қалыптасуына ақын-жазушыларымыз, әнші-бишілеріміз, күйшілеріміз, өнертанушылар мен суретшілеріміз, кітапхана, тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің, мәдениет үйлерінің, ансамбльдер мен халық театрларының да үлес қосатындығы баршамызға мәлім. Қарап отырсаңыз, осынау салада қаншама мамандар мен қызметкерлер еңбек етіп, рухани дүние тәрбиешісіне айналып отыр. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Мәдениет - ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші - зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүние-танымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады» - деген болатын. Ұлттық төл мәдениетімізді дамыту аясында ел Президентінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы мақсат-міндеттерді және Қазақстан Республикасының Мәдени саясатының тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, жоспарланған шаралар жүзеге асырылып келеді.
Биылғы жылы ұлт ұлыларын атап айтсақ, әлемнің екінші ұстазы атанған ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары аясында ұлы тұлғалар есімдері мен еңбектерін дәріптеу, насихаттау аясында көптеген мәдени, рухани шаралар ұйымдастырылуда. Бұл біздің-өшпес тарихымыз, тарихта ізін қалдырған тұлғаларды құрметтеп, дәріптеу, келер ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз болып табылады. Мәдени шаралар ұлт пен ұлысты ұйыстырып, күллі халықтың бар жақсысын паш етеді десек, оның басы-қасында жүретіндер қашанда – өнер иелері екені белгілі. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Елімізде мәдениет пен өнердің жүгін көтерген осынау кәсіп иелеріне қашанда құрмет пен қолдау көрсетіліп келеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығы бойынша «21-мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күні» болып жарияланып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, қазіргі таңда елімізде кең көлемде аталып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: мәдениет саласы қызметкерлерін қолдауға аса мән беріліп, қаңтар айынан мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақылары 35 пайызға артты. Осындай құрмет пен қолдауларды сезінген мәдениет саласы қызметкерлері ел мәдениетінің дамуына, одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарымен, тамаша өнерлерімен қашанда қуанта беретіндіктеріне тілектеспіз.