БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

8.JPG

Өткен аптаның сенбісі күні  Аралтөбе орта мектебінде «Құрмет» ордені және Қазақстан Халқы Ассамблеясы қоғамының  «Бірлік Алтын» медалінің иегері, Балқаш ауданының Құрметті азаматы, бейбіт күннің батыры Бейсетай Дәуренбековты еске алуға арналған ересектер арасындағы волейболдан аудандық турнир болып өтті.

 Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спорттық сайысқа аудандық «Бірлік» кәсіподақ  ұйымы, Бейсетай Дәуренбековтың ұрпақтары және Аралтөбе ауылының азаматтары демеушілік жасады.

Спорттық сайыстың ашылу салтанатында сөз кезегін алған құрметті қонақтар марқұмның тіршілікте ел-жұртқа сіңірген еселі еңбектерін айтып, республикалық телеарналарда «Айтуға оңай», «Шын жүректен», «Жаныңда жүр жақсы адам» бағдарламаларына қатысқанын және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, Қазақстан Халқы ассамблеясының «Бірлік» Алтын медалімен марапатталғанын әңгіме өзегіне айналдырып, ол кісінің бойындағы адамгершілік қасиеттеріне баса тоқталды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Ақжар ауылдық округінің әкімі Айдын Үркінбаев, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бас маманы Еркебұлан Исатаев және аудандық білім бөлімінің әдіскері Шыңғыс Баубеков Бейсетай Дәуренбековтың жан-жары Жолдыбала Охасоваға және марқұмның ұл-қыздарына құрмет көрсетті.

Спорттық шараның ашылу салтанатынан кейін жарысқа тас - түйін дайын тұрған спортшылар көп күттірместен аудандық турнирді бастап кетті.

Тартысты өткен сайыс барысында команда ойыншылары бар ынта  - жігерлерін салып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып бақты.

Аудандық турнирді қорытындылай келгенде, Ақкөл командасы І-ші орынды жеңіп алса, Бура ауылының спортшылары ІІ-ші орынды еншіледі. Ал жүлделі ІІІ-ші орынға Аралтөбе ауылының спортшылары табан тіресе, балатопарлықтар VI - ші орынды місе тұтты.

Жеңіс тұғырынан көрінген командаларға демеушілер тарапынан дайындаған арнайы кубок, грамота, медальдармен және ақшалай сый-сияпаттар табысталды.

Марапаттау барысында  Аралтөбе командасының намысын қорғаған Абылайхан Рақыш «Үздік ойыншы», Бура ауылының спортшысы Серік Құдабек «Үздік шабуылшы»,  Балатопар ауылының мақтанышы Ерсұлтан Жомарт «Үздік қорғаушы» және Ақкөл командасының ойыншысы Дінмұхамед Жұмагелді «Үздік байланыстырушы» номинациясымен марапатталды.

Батырлық деген жауға шауып, отқа оранып, кезенген қаруға қарсы тұрып, атылған оққа кеуде тосу ғана емес. Бейбіт күнде де басын тәуекелге тігіп түрлі қауіп-қатерге қасқайып қарсы тұрған қаһармандарды да осылай айтуға болады. 

Осындай кең пейілді, батыр жүректі азаматтың бірі - Бейсетай Дәуренбеков еді. Бейбіт күннің батыры 1972 жылы 18 желтоқсан   күні сең жүріп жатқан Іле өзенінен Үшжарма мектебінде оқитын Ақжар ауылының балалары мінген қайық аударылып, суға кетіп бара жатқан 12 баланы ажал аузынан құтқарып қалған ерлігі ел аузында әлі күнге дейін айтылып келеді. Ол кезде Бейсетай Дәуренбеков не бәрі 34 жаста еді. Арада қаншама жылдар өтсе де бейбіт күннің батыры жасаған ерлік ел есінде сақталып, ерлігі еш ұмытылған емес. Қайта жылдар жылғасымен бірге жарқырап келеді.

Ел аузында аңызға айналған бейбіт күннің батырын еске алу арналған іс-шаралар жайында естігенде «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» деген қанатты сөз еріксіз ойға орала береді екен.

 Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 2026 жылдың I тоқсанында Алматы облысында тұтынушыларға 13 млн теңге қайтарылды
  • ҚОС КОМАНДА ОЙЫНШЫЛАРЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
  • ӨРТКЕ ҚАРСЫ ТАКТИКАЛЫҚ ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
  • БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫН ЕСКЕ АЛДЫ
  • ЖАЙДАРМАН ЖАҢАЛЫҚ