
Алматы облысында орман алқаптарында 10 өрт тіркеліп, қызыл жалын 140 гектардан астам аумақты шарпыды. Сондай-ақ құрғақ шөп жанып, 65 өрт оқиғасы орын алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы азаматтық қорғау майоры Айғаным Мусекенова мәлімдеді.
Тілсіз жаудың алын алу мақсатында төтеншеліктердің мұрындық болуымен рейд шаралары іске асады. Оған азаматтық қорғау күштері, жергілікті полиция қызметі, орман шаруашылығы мекемелері және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен құралған арнайы 13 мобильді топ атсалысуда. Аталған топтың құрамында 61 маман бар.
«119 елді мекенге іргелес аумақтар құрғақ өсімдіктер мен жанғыш қоқыстардан тазартылды. Минералдандырылған жолақтар жасалды. Бұл өз кезегінде өрт қаупінің бетін қайтаруға ықпал ететін маңызды қадам»,-деп атап өтті Айғаным Мусекенова.
Айта кетейік, өңірде мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жер көлемі 3,2 млн гектар болса, соның 1,6 млн гектары орман алқабына тиесілі. Бүгінде 12 орман шаруашылығы мекемесі және 5 ұлттық парк пен қорық жұмыс істеп тұр.
«Орман және дала өрттерін сөндіру кезіндегі өзара іс-қимылды жетілдіру мақсатында облыстық өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. «Қазәуеорманқорғаумен» мониторинг жүргізу үшін шарттар жасалуда, оған Ми-8АМТ МТВ және Ка-125 әуе кемелері тартылады. Сонымен қатар, өрт жағдайы күрделенген жағдайда қосымша 8 авиациялық техника жұмылдырылатын болады»,-деп қорытындылады спикер.
Еске саламыз, биыл өрт қауіпі кезеңі 26 наурыздан 1 қарашаға дейін жалғасады.


