
Осы аптаның жұмасы күні аудан әкімі Азат Құтпанбетов көктемгі дала жұмыстарының атқарылу барысын көзбен көріп, арпа-бидай егу жұмыстарын жандандырып жатқан диқаншылар қауымының жай-күйімен жақын танысу мақсатында аудан көлеміндегі бірқатар шаруашылықтарды аралап шықты.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Асқар Қадірұлы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Бөпешбаев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғалым Нарбаев сапарлас болды.
Аудан басшысы өзінің іссапарын Береке ауылдық округіне қарасты «Тамшыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады.
Арнайы атбасын бұрған аудан басшысына аталмыш шаруашылық директорының орынбасары Қамқор Уәлиев жыл басынан шаруашылықтарына тиесілі 3161 гектар суармалы жердің 500 гектарына күріш, 300 гектарға бидай, 200 гектар жерге сұлы және қалған суармалы жерлерге көпжылдық шөп егуді жоспарлап қойғандарын баяндап, егіс алқабының сызбасын көрсетті.
Диқаншының әңгімесінен түсінгенім, қазіргі таңда 200 гектар егіс алқабына сұлы дақылын егіп аяқтаған. Ал 300 гектар жерге егілетін бидай дақылының 100 гектарына алтын дәнді сіңіріп үлгерген.
Жалпы айтқанда «Тамшыбұлақ» ЖШС-гі көктемгі дала жұмыстарында 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар дала төсін дүбірге бөлеген науқанға он екі «МТЗ-80» және алты «МТЗ-1221» тракторларын, сонымен қатар төрт тұқым сепкіш, төрт жер тегістегіш және төрт соқа тағы басқа қажетті техникаларын пайдалануда.
Сапар барысында аудан басшысы «Тамшыбұлақ» ЖШС-нің директорының орынбасары Қамқор Уәлиевке ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды дер кезінде аяқтауды және еңбектің қарақазанын қайнатып жатқан еңбек адамдарына құрметпен қарауды тапсырды.
Мұнан соң «Бауыржан-7» ЖШС-не атбасын бұрып, ол жерде де егін егу науқанының жұмыс жүйесімен танысты.
Өз тілшімізден.


