МАЛ БАСЫ ТӨЛІМЕН КӨБЕЙЕДІ

0492ea90-be2c-46ee-9364-bf88ab248411.jpg

Мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар үшін мал төлдету науқаны өте жауапты кезең. Аграрлы ауданымызда атакәсіппен тұрақты айналысып жүрген шаруашылықтар бұл күрделі һәм жауапты науқанды ойдағыдай атқарып, өсіріп отырған төрт түлік түрлерін төлдетіп, мал басын көбейтуде.

   0ff07522-5d1d-48d9-9b8b-880d30d069d7.jpg

Жауапкершілігі жоғары, жұмыс жүйесі өте ауқымды науқан аудан әкімінің тікелей назарында болғандықтан, осы салаға жауапты мамандар жіті қадағалауды қолға алған.

  d5edf1d4-c575-4e6a-a853-64a8bf4bba4a.jpg

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, аудан көлемінде мал шаруашылығын өркендетіп отырған ірілі-ұсақты 1218 шаруашылық бар. Төрт түліктерін түлеткен шаруашылықтарда 115 бас түйе, 33933 бас жылқы, 113225 бас сиыр және 111539 бас қой-ешкі өсірілуде.

  Берекелі көктем басталғалы бұл шаруашылықтар төрт түліктерін төлдетіп, мал басын көбейтіп, ауқымды жұмыстың қарқынын қыздырып жатқан жайлары бар.

  Мал төлдету науқанына алдын-ала дайындық жасалып, қажетті жем - шөп жиыстырып, қора-жайын талапқа сай реттеп қойған шаруашылықтар жыл сайынғы дәстүрге айналған науқанды еш қиындықсыз атқаратыны жасырын емес.

   Десек те бұл жауапты науқанда малшылар қауымына арқаны кеңге салып жайбырақат жатуға әсте болмайды. Қанша қиын болса да  төзімділік танытып жүрген шопандар түн ұйқысын төрт бөліп, әрбір төлдің оттығып, мал қатарына қосылып кеткенінше алаңдап жүрері сөзсіз. 

  Мал өсірумен тұрақты айналысып, атакәсіпті жандандырып жатқан шаруашылықтардың бірі - «Темірлан» шаруа қожалығы. Аталмыш шаруашылыққа осы аптаның сәрсенбісі күні арнайы барып, ол жерде атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, көп нәрсені көңілге түйіп қайттық.

    Біз арнайы атбасын бұрған шаруашылықтың төрағасы Сұлтан Ирсаевтың айтуынша бұл шаруашылық 2006 жылы әкесі Шәріп Ирсаевтың ықпалымен құрылған. Анасы Светлана да қолдау білдіріп, мемлекеттік жер қоры есебінен Іле өзенінің жағалауынан 50 гектар жерді жалға алып, алғашқыда құс өсірумен айналыса бастаған.  Ал 2016 жылдан бас-тап мал шаруашылығымен айналысу мақсатында   мемлекеттік жер қоры есебінен  қосымша 50 гектар жер алған. Сөйтіп асыл тұқымды ірі қараларды сатып алып, шаруашылықты өркендете бастаған. Бүгінгі таңда ірі қараларын асылдандырып, қазақтың Ақбас сиырларын өз төлінің есебінен көбейтіп алған.

   Өзінің іскерлігімен танылға еңбек адамының шаруашылығында  50 бас ірі қара, 10  бас жылқы бар. Сонымен қатар күркетауық, үйрек, тауықтардың бірнеше түрлерін өсіріп отыр.

   Мал төлдету науқанын біркісідей қолға алған шарушылықтың қорасында 10 бас қазақтың Ақбас бұзаулары тұр. Алдағы мамыр, маусым айларында төл басы көбейетініне кәміл сенімді. Өйткені ол әңгіме барысында ірі қаралардың арасындағы 20 бастың бұзаулау уақытының жақындап қалғанын айтып, көктемгі және күзгі мал емдеу жұмыстарының жүйелі атқарылып жатқаны жайында әңгіме өрбітті.

   «Темірлан» шаруа қожалығының төрағасы Сұлтан Шәріпұлы әңгіме барысында өзінің жан - жары Жұлдыз Серікқызы шарушылықта өсіріліп жатқан құстарға қарап, оларды қалай баптаудың қыр – сырын меңгеріп алғанын және үлкен ұлы Темірлан сабақтан тыс уақытта өзіне қолқанат болатынын сөзден іркіп қалмады.

    Жас күнінен отбасылық шаруашылыққа араласып, атжалын тартып мінген Темірлан малды ауылға барған сәтте арғымағын тізгіндеп, өрісте жайылып жүрген ірі қаралар мен үйірлі жылқыларды түгендеп, олардың кешкі жатағына шөп шашып, әкесіне көмектеседі. Бұл дәстүр еңбек адамының әкеден - балаға жалғасып келе жатқан өмір сатысы.

    Иә, ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығымен айналысу, мал төлдету жұмыстары таңсық нәрсе емес. Қолда бар төрт түлік түрлерін бағып-қағып, оны көбейтіп отырған малшылар қауымы мал ұстаудың бейнеті мен берекетін бірдей сезініп, жауапты науқанды ойдағыдай атқарып жатыр.

                                                      Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
  • МАЛ БАСЫ ТӨЛІМЕН КӨБЕЙЕДІ
  • Қазақстан мен Өзбекстан президенттері жасанды интеллект хакатонына барды
  • Президенты Казахстана и Узбекистана посетили достопримечательности Бухары
  • Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар тарихи құжатты тапсырды