
Табиғаты тамсандырған, асқар тауы мен мөлдір көлдері үйлесім тапқан өңірге келушілер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,1 пайызға артып, 530 435 адамға жетті. Бұл – облыстың туристік тартымдылығы артып, республикадағы үлесінің 6,8 пайызды құрағанының нақты дәлелі. Көңіл көншітерлік ақпаратты облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы баспасөз мәслихатында айтты.
Ішкі туризм айрықша серпін алды. Есепті кезеңде 520 995 отандық демалушыға қызмет көрсетіліп, өсім 38 пайызды құрады. Яғни, қазақстандықтар демалысын өз елінің көрікті мекендерінде өткізуді жиі таңдай бастаған. Шетелден келушілер саны да көбейді: 9 440 қонаққа қызмет көрсетіліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,1 пайызға артық. Ал «eQonaq» ақпараттық жүйесінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында облысқа 147 003 шетел азаматы келген. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға көп көрсеткіш. Осылайша өңір шетелдік меймандар саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейінгі үшінші орынға шықты.
Туризмге қызмет көрсететін нысандар да көбейіп келеді. Қазіргі таңда облыста 283 орналастыру орны жұмыс істейді.
«Көрсетілген қызмет көлемі 12,3 млрд теңгеге жетіп, 50 пайызға ұлғайды. Негізгі қорларға құйылған қаржы - 33,3 млрд теңге.. Туризмнің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 5,4 пайызға жетіп, 198,5 млрд теңгені көрсетті. Бұл саланың облыс экономикасындағы салмағы артып келе жатқанын білдіреді. Туризмге қатысты 14 қызмет бағыты бойынша бюджетке 11,2 млрд теңге салық түсті, өсім – 25,8 пайыз. Ал ойын-сауық индустриясынан 81,7 млрд теңге кіріс түсті»,-дейді Қуанышбек Мирамбекұлы.
Алматы облысының басты байлығы – оның сұлу табиғаты. 2025 жылы «Іле-Алатауы» ұлттық табиғи паркінде 945 993 адам тынықса, «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде 600 026 адам демалды. Бұл нысанда келушілер саны 51,8 пайызға артты. Ал «Шарын» шатқалында демалушылар легі екі еседен астам көбейіп, 249 928 адамға жетті. Бұл деректер өңірдің көрікті орындарына деген қызығушылықтың жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Спикердің айтуынша, облыста 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі «Hilton» және «Marriott» қонақүйлері, «ASP Arena» спорт кешені, «Sulu Tau Resort» демалыс орны, «Автодром Sokol» спорттық-техникалық кешені, «Қара шатқалдағы» туристік аймақ пен шыны аспалы көпір бар. Сонымен қатар, кемпингтер, автотұрақтар, жанармай құю бекеттері және ұлттық парктер аумағындағы қызмет көрсету нысандары салынуда.
Тұтастай алғанда, Алматы облысында туризм саласы жүйелі түрде дамып, жаңа жобалар жүзеге асып, қызмет сапасы артып келеді. Табиғи әлеует пен мақсатты мемлекеттік қолдаудың ұштасуы өңірді халықаралық деңгейдегі тартымды туристік орталыққа айналдыруға берік негіз қалайды.


