
Конституциялық комиссия ұсынған түзетулер Қазақстандағы мемлекеттік басқару мен құқықтық жүйені
түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді әрі салмақты қадам деп санаймын. Бұл өзгерістер мемлекеттің
унитарлық сипатын, аумақтық тұтастығы мен бөлінбейтіндігін бұлжытпай сақтай отырып, елдің
әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Арнайы құқықтық режимдер мен «жедел даму қалаларын» дамыту бастамасы экономикалық өсімді
жеделдетуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталғанымен, әкімшілік-аумақтық құрылымның
конституциялық негіздері өзгеріссіз қалатыны нақты айқындалған. Бұл – ұлттық бірлік пен мемлекеттік
тұтастықтың берік кепілі.
Президент, Вице-Президент, Курултай, Халық кеңесі және Парламент өкілеттіктерін қайта қарау билік
тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, халықтың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтеді.
Азаматтардан құралатын Халық кеңесінің заң шығару бастамасы құқығына ие болуы – қоғам мүддесінің
заңнамалық деңгейде ескерілуіне жол ашатын маңызды жаңалық.
Сонымен қатар, адамды мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану, өмір сүру құқығын абсолютті түрде
бекіту, жеке тұлғаның қолсұғылмаушылығын, сөз бостандығын, дербес деректер мен ар-намысты қорғауды
күшейту – адамға бағдарланған әділетті мемлекет құрудың нақты көрінісі. Неке мен отбасы құндылықтарын,
қоршаған ортаны қорғау міндетін конституциялық деңгейде нығайту қоғамның рухани және әлеуметтік
тұрақтылығын арттырады.
Конституциялық соттың тәуелсіз мәртебесін Конституцияда бекіту, сот билігі мен адвокатураның рөлін
күшейту құқық үстемдігін қамтамасыз етудің сенімді тетігі болмақ. Жалпы алғанда, бұл реформалар
демократиялық қағидаттарды нығайтып, халық сеніміне негізделген, тұрақты әрі заманауи құқықтық мемлекет
қалыптастыруға бағытталған маңызды тарихи қадам деп бағалаймын.
Балқаш ауданының мәслихат депутаты - Ж.Алимбаева


