
Алматы облысында 2024 жылы 1470 алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 1711-ге жеткен.
Осылайша, алаяқтық қылмыстар 16,4 пайызға өскен. Алайда, Алматы облысында интернет-алаяқтық қылмыстарының
саны айтарлықтай төмендеген. Егер 2024 жылы өңірде 75 интернет-алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы бұл
көрсеткіш 35-ке дейін қысқарған. Бұл жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының оң нәтижесін көрсетеді.
Бұл мәліметтерді Алматы облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының
аға жедел уәкілі Әлібек Керім баспасөз мәслихатында хабарлады.
Спикердің айтуынша, соңғы жылдары тұрғындардың киберқауіпсіздікке қатысты сауаттылығы біртіндеп артып
келеді. Дегенмен, алаяқтар қолданатын тәсілдер әлі де өзектілігін жоғалтпаған. Ең жиі кездесетін әдістердің
қатарында sms-код сұрату, жалған инвестициялық жобалар арқылы табыс уәде ету, шын мәнінде жұмыс істемейтін
интернет-дүкендер, сондай-ақ делдалдық сипаттағы «дроперлік» схемалар бар.
ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, Алматы облысында алаяқтықтың алдын алу бағытындағы
жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп,
ескерту сипатындағы бейнематериалдарды тұрақты түрде жариялап келеді.
– Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 2025 жылы интернет-алаяқтыққа қатысты 39 миллион
680 мың теңге күдікті есепшоттардан уақытылы бұғатталды. Оның ішінде 18 миллион 269 мың теңге зардап
шеккен азаматтарға кері қайтарылды. Сонымен қатар, 3750 жалған сайттың қызметі тоқтатылды, – деді Әлібек Керім.
Айта кету керек, қылмыстарды ашу көрсеткіші де өсім көрсетіп отыр. 2024 жылы бұл көрсеткіш 9,3 пайызды құраса,
2025 жылы 11,8 пайызға жеткен.
Мамандар тұрғындарды жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және кез келген
қаржылық ұсыныстарға сын көзбен қарауға шақырады.


