Қарапайым еңбек адамының шеберлік өнерінің, озық ойының жемісі, әр заманның материалдық және рухани мәдениетінің үлгісі, танымы мен талғамының көрінісі, тұрмыстық тұтыну және сәндік бұйымдарды жасайтын дәстүрлі қолданбалы өнердің бірі де бірегейі, ол - ұлттық құндылығымызды нақыштай түсетін қолөнер шеберлігі.
Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан сәулет, бейнелеу, мүсіндеу өнері, ұсталық өнер, зергерлік өнер, тоқымашылық өнер, киім тігу өнері, ағаштан ыдыс-аяқ және әуен-саз аспаптарын жасау өнері, сондай-ақ ұлттық ою-өрнектер - қай заманда да ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мұрагерлік жәдігерлер.
Ежелден, көшпелілер тұрмысының қажетіне сай, қолөнершілер құмнан, саздан, тастан керекті саналуан бұйымдарды жасаған. Үй тұрмысына мал, балық, егін шаруашылығына керекті дүниелерді, киіз үй жабдықтарынан бастап, тағы басқа қару - жарақ, құрал - сайман түрлерін, темір, ағаш, сүйек, мал және аң терісін өңдеу арқылы жасап, ел игілігіне жаратқан. Осындай ұлттық, төл қолөнерімізден бастау алған, шеберлік өнердің жаңаша заманауи сипаттағы үлгілері бұл күнде әлемдік өркениеттің алдыңғы қатарынан көрінуде.
Осы орайда, біздің ортамызда жүрген, балқаштық, ерекше талғаммен, композициялық шеберлікпен жасалған түрлі сән-дік бұйымдар жасаудың шебері - Ермек Байымбетқызының шығармашылық еңбегін әуесқой қолөнер иелеріне үлгі етіп, насихаттау орынды-ақ.
Сыныптасым Ермек Байымбетқызы - өз ортасына мектеп қабырғасынан-ақ сан қырлы өнерімен таныла білген жан. Гитарада ойнап, сахнада ол шырқаған екі тілдегі, орысша- қазақша әндер, әсіресе «Жеңіс күні!» патриоттық әні, жыл сайын тойланатын Ұлы Жеңіс күнінің, соғыс ардагерлерінің жауынгерлік, ерлікке толы даңқты жолының символындай, тындармандары сүйіп тындайтын мереке салтанатының бетпердесін ашатын рухты әндердің бірі.
Бала жасынан ақ желеңді дәрігер болуды арман еткен әңгіме кейіпкері 1973 жылы Бақанас орта мектебін оқып бітіріп, еңбек жолын туған жерінде «Бақанас обаға қарсы күрес бөлімінде» дезинфекторлықтан бастаған болатын. Ол 1977 жылы «Талғар қалалық медициналық училищесіне» оқуға түсіп, 1979 жылы аталған оқу орнын «мейірбике» мамандығы бойынша бітіріп, өзінің сүйіп таңдаған мамандығының ізденіске толы еңбек жолын Бақанас обаға қарсы күрес бөлімінде лаборант болып жалғастырды.
2002 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің сырттай оқу бөлімінің биология-экология факультетінің 2 - курсына қабылданып, оқу орнын 2006 жылы «зоолог» мамандығы бойынша тәмамдап, өзі қызмет етіп жүрген мекемесінде зейнетке шыққанға дейін зоолог болып қызмет атқарды. Жалындап тұрған жастық шағы, 18 жасында табалдырығын аттаған мекемеде ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарып, ел құрметіне бөленген ол 2014 жылы зейнеткерлікке шықты. Әріптестерінің үлкен сеніміне ие болған, тәжірибелі, өз мамандығының майталманы Ермек Байымбетқызы сол мекемеде зейнетке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей бес жыл қызмет атқарды. Денсаулық сақтау саласындағы сіңірген еңбегі, халық алдындағы құрметі, қалтқысыз қызметі үшін 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2015 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өмір ұстанымында адал қызмет етіп, мамандығын мақтанышы санаған еңбек адамының мәртебелі де, мерейлі еңбек жолы ұжымдастарына, өзінен кейінгі жас мамандарға үлгі - өнеге бола білді.
Қызметін атқара жүріп, бос уақытын бекерге өткізуді қаламайтын Ермектің әрбір күні ізгілікті істерге деген толасыз еңбекке, үлкен ізденіске толы. Өзінің таңдаған ма-мандығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қолөнерге деген құмарлығы әсемдікке толы таңғажайып әлемнің сұлулығын кескінді қолөнерге ұштастыра білді. Екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін, кез келгеннің қолынан келмейтін, ерекше өнерді еншілеген Ермек, еселі еңбегімен әуесқой қолөнер шеберіне айналды.
Сәл артқа шегініп, Ермектің қолөнері туралы айтар болсақ, әуелде ермексаздан жан-жан-уарлардың, жәндіктердің бейнесін кескіндеп, сондай-ақ сурет, бейнелеу, мүсіндеу өнерімен айналысты. Өсімдік тектес, зооморфтық, космогондық ою-өрнектер мен геометриялық ою-өрнектер салып, қолөнер шеберлігі шыңдала түсті.
2006 жылы жұмыс бабы - іс сапарымен Талдықорған қаласына «ғылыми кеңес» жиынына барғанда, Қытайдан келген қандас бауырларымыздың қолөнер көрмесін тамашалап, моншақпен өріп тоқу өнерімен айналысатын бір әйел адаммен танысып, әр барған жолы олардың шығармашылық еңбегінің қыр-сырына терең бойлай түсті.
Арнайы түрлі-түсті әсем моншақтар сатып алып, Талдықорғанға барған сайын олардан кеңес алып, тоқу өнерін үйренді. Алғашқыда жұмыс бастылықпен сирек тоқитын. Зейнетке шыққаннан кейін, моншақпен тоқу өнерін түбегейлі қолға алды. Әйелдерге арналған сыйлықтар, әшекей бұйымдар мен қыз-келіншектердің қол сөмкелерін, гүл сауыттары мен түрлі сувинерлер тоқып, әртүрлі маталардан гүлдестелер жасаған Ермектің туындылары көрген жанның көзайымына айналды. Бірақ, ол бұл өнерін бизнеске айналдырмады, қолынан шыққан бұйымдарды қалаған жандарға сыйлыққа беріп, құрбыларының, әріптестері мен таныстарының жүрегіне қуаныш нұрын сыйлай білді.
Өзінің туындыларымен облыстық қолөнер көрмесіне қатысқан оның ермексаздан басталған ерен еңбегін көрме қонақтары жоғары бағалады. Өзге қолөнер шеберлерінің дәл осындай қолданбалы қолөнер бұйымдарын ақылы, қымбат бағаға қойғанын көріп, көрмеге қатысушылар Ермекке ерекше ризашылық сезімдерін білдіріп, ақ ниетпен алғысын жаудырып жатты.
Жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінде осындай жаңаша сипаттағы өміршең қол-өнер шығармашылығын мектеп жасындағы «Шебер қолдар» үйірмесіне қатысушыларға таныту мақсатында көрме ұйымдастырылып, оның Шеберлік сабағы» өткізілді. Өнерге бейім, өскелең жастардың қолөнерінің кеңінен өріс алуына осылайша өз септігін тигізді.
«Адамды көрікті ететін жүзі, жүзді сұлу ететін екі көзі, адамды адам ететін ауызынан шыққан лебізі-сөзі, десек те, ең алдымен абыройын арттырып, мәртебесін өсіретін еңбектегі өрісті ісі, өмірдегі өнегелі ізі» - деп, халық даналығында айтылғандай, Ермектің сұлу жүзі, мейірімді жүрегі, жылы сөзі мен өмірдегі ізгілікті ізі, еңбектегі игілікті ісі - жүрген ортасындағы мерейі, ел алдындағы беделі десек, артық айтқандығым емес.
Мемлекет басшысының бастамасымен биыл - «Жұмысшы мамандықтар жылы». Осыған орай жер-жерлерде еңбектің көрігін қыздырып жүрген еңбек адамдары туралы әңгіме қозғау, оларды халыққа жеткізу - біздің парызымыз.
Зәуреш ДЕМЕУҚҰЛОВА, Әлем Халықтары Жазушылары одағының мүшесі.
Бақанас ауылы.