
Дана халқымызда «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қанатты сөз бар. Ата - бабаларымыз байырғы заманнан білім мен тәрбиеге ерекше мән беріп, сөзге тоқтаған халық.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында 23 сәуірді «Ұлттық кітап күні» ретінде атап өту жөнінде ұсыныс білдіріп, өз сөзінде: «Кітапқа деген махаббат – ұлттың интеллектуалды деңгейінің көрсеткіші. Көптеген елдерде кітапқа арналған ұлттық күн бар. Бізде де бұл күнге орай түрлі әдеби фестивальдер мен көрмелер өткізуге болады. Ұлттың өркениеттік жолы – кітап арқылы қалыптасады», – деген болатын.
Осынау жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – руханиятқа бет бұрып, кітапты серік ету мақсатында Қазақстанда биыл алғаш рет 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде ресми түрде аталып өтуде. Әрине бұл – ел руханиятына жасалған үлкен құрмет, келешек ұрпаққа рухани бағыт – бағдар беретін дара жол.
Ұлтық кітап күніне еліміздің барлық өңірлерінде мерекелік сипатта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Әсіресе бұл мерекелік іс-шараға кітапхана саласы мен білім ошақтары белсенді атсалысуда.
Республикалық іс-шараға атсалысқан аудандық кітапхана қызметкерлері жас ұрпақты кітапқа баулу мақсатында бірқатар мәдени шараларды жоспарға алып, аудан көлемінде ұйымдастырылды.
Осы орайда аудан көлемінде ұйымдастырылған іс - шараларға кеңінен тоқталар болсақ, кітапқұмарлықты дәріптеу және ұлттық әдебиетті насихаттау мақсатында аудандық кітапханада «Артық білім кітапта» атты Кітап Fest ұйымдастырылды.
Аталмыш іс- шараға аудан көлеміндегі кітапханашылары атсалысып, әр ауыл өз өнерлерін ортаға салып, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және олардың бос уақыттарын тиімді өткізу пайдалы кеңестерімен бөлісті.
Сонымен қатар ауылдық кітапхананың ұйымдастыруымен Қарой ауылдық кітапханасында «Менің сүйікті кітабым» тақырыбында видеоролик дайындалды. Кітапханашы өзінің сүйікті кітабын таныстырып, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылықтарының артуына ықпал етті.
Сондай-ақ, «Сөз өнеріндегі өлкетану» бағыты аясында жергілікті авторлар мен өлкетану әдебиетін таныту мақсатында Береке ауылдық кітапханасында «Берекені тербеткен әуенімен» атты Асылхан Елбосыновқа арналған танымдық сағат болып өтті.
Аталмыш іс - шараның негізгі мақсаты - балаларға жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын таныстыру, туған өлкенің рухани мұрасын дәріптеу, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу болғандықтан мәдени шараға мектеп оқушылары қатысты.
Осындай ауқымды іс-шараның бірі - Ақжар ауылдық кітапханасында оқырмандарға арналған ерекше форматтағы «Weekend. Book. Vibes» “Blind Date with a Book” жасырын кітап кеші өтті. Бұл кеште қатысушылар кітапты мұқабасына қарап емес, жасырын күйінде таңдап, жаңа әдеби әлеммен танысты. Ал Желтораңғы ауылдық кітапханасында “Кітап әлемі” атты квиз ойыны өткізілсе, Топар ауылдық кітапханасында «Кітаптан киноға» атты іс-шара өз жалғасын тапты.
«Ұлттық кітап күнін» атап өту мерекелік шара ғана емес, ол – оқырман қоғамын қалыптастыруға жасалған стратегиялық қадам десек ақиқаттан алшақ кетпеспіз, сірә?!
Иә, бұл күн кітапхана саласының, баспа ісінің, авторлық еңбектің қоғамдағы маңызын көтеріп, рухани жаңғыру жолында маңызды рөл атқаратын бүкіл қоғамның ортақ мейрамы. Сонымен қатар білімге, парасатқа, мәдениетке деген құрметтің көрінісі болып саналады. Кітапты ұлықтау болашаққа бастар жарқын жол екені айдай анық.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».


