Қамыс арасындағы шағын алаңқайда тұрған үш ат бірден батысқа қарай құлағын қайшылап, оқыранды. Жас қамыстан бауланып жасалған күрке ішінде жатқан ұзын бойлы, жауырынды қара жігіт әбжіл қимылдап бесатарын алып, іргедегі қалыңға сүңгіп кетті. Көрші күркедегі қос жігіт те жүгіре басып әр тұсқа тығылды. Жануарлар алдамапты, бір мезетте қалың қамыс арасынан салт аттының төбесі көрінген, Естеміс екенін жалпылдаған жалбағайынан танып, жігіттер тасадан шықты. Естемістің жыртық шекпенді біреуді айдап әкелгенін бұлар қамысты жарып, алаңқайға шыққанында бір-ақ білді.
– Әй, Естеміс, мынауың кім? – деді ұзынқара ортада сүмірейіп тұрғанға
ожырая қарап.
– Е, қазір өзі айтады ғой, – деді Естеміс аттан түсіп жатып самарқау
ғана. – Әр түпке тығылып жүрісі жаман иттің...
Сосын: – Уһ, тақым талып кетті ғой, әкең, – деп жалбағайын шешіп
маңдайын сүртті де анаған зілденіп: – Сөйле, – деді.
– Әуелі су беріңдерші, мына дүлейлерің алды-артқа қаратпай шөлден
өлтіре жаздады.
Расында қамыс арасымен жаяу салпақтаған тұтқын терге малшығыпты.
Әзер тұр. Бел жазбақ болып жерге шалқалап жата кеткен Естеміс басын жұлып алып, алара қараған:
– Әй, оттама!
Ұзынқара мырс етті де жігіттердің біріне иек қағып еді, анау
шекпендінің қолын шешіп, торсықпен су ұсынды. Тұтқын сылқылдатып сіміріп жатыр еді:
– Жә, жетер, ыстығың ішіңе түсіп, тіл тартпай кетіп жүрерсің, –
деп қайта жұлып алды. Мынаны жігіттердің ешбірі жақтырып тұрған жоқ. Ұзынқара оларды түсінеді, иттікті көп көргеннің иісшіл келетіні бар.
– Кімсің?
– Мен Ыбыраймын, Құйғандағы қойшы Ыбырай...
Ұзынқараның есіне әлдене түскендей бұған жақын келді.
– Қарамыс байдың балаларымен бірге сотталған сен емес пе?
– Иә, мырза...
– Мені танып тұрсың ғой?
– Иә, атақты Көлтайды білем ғой...
Көлтай қарқылдап күліп жіберді:
– Бұл күні атақты Көлтай жоқ, ұры Көлтай, жырынды Көлтай, банды-
құлақ Көлтай бар. Сен мұны білмеуші ме едің? – ол Ыбырайға сынай қарады.
– О не дегенің, батырекесі? Өзім Қарақолдағы абақтыдан қашып, телім-
телім боп ел шетіне ілінгеніме бір аптадай ғана болды. – Ыбырайдың маңдайынан шүмектеген тер басылмады. – Орақтытөбеге бір-екі түнеп, Жиделіні жағалап жортып келе жатыр едім мынау жолыға кеткені, – Ыбырай Естемісті иегімен көрсеткен. – Аман жоқ, саулық жоқ... одыраңдап...
Естеміс қалғып кеткен еді, мұның сөзін естімеді, естісе оңдырмас еді.
– Малмандай болдың ғой, жаның қысылып тұр ма? – Көлтайдың өз
серігін тілдегенді жақтырмағаны даусынан білінді.
– Қапырық...
Ыбырайдың мұнысы рас енді, Сарыесік-Атыраудың аптабында, үп еткен жел өткізбейтін ну қамыстың ортасында отыру азаптың зоры. Мына жігіттер үйреніп кеткен секілді, ал Ыбырайдай жаңа келгендердің өкпесі қысылып, қайраңға шыққан балықтай тыпырлап қалатыны бар.
– Жарайды, ана көлеңкеге отыр, – деді Көлтай күрке жақты меңзеп. Ол
жыртық шекпенді, шоқайынан көрінген жалаңаш еті күстен жарылып, қанап тұрған жалақ ерін Ыбырайға илана бастап еді. Жанына жігіттерін шақырып сұраулы жүзбен қарап еді тұтқынға су берген Оразбай күңк етті:
– Өзіміз әрең жан бағып жүргенде бұл сорлыны қайтеміз? Жөніне жүре
берсін, қашқынды іздеген отряд та ізімізге түсіп, мүлдем қысылып қаламыз...
Көлтай Исаға қарап еді, үндемеді. «Ерік өзіңде, мерген», –дегендей бұған тік қарап тұр. Көлтай Ыбырайымның жанына барды. Жігіттер де келіп, төне тұрды.
– Не ойың бар?
– Е, бәлшебек пен мілисә біткеннің бәрінен қашып, тазы қуған қоянның
күйін кешкен менде не ой болсын, – Ыбырайдың көмейіне өксік тығылды. – Ауылды шыр айналып, әр сексеуілдің түбін пана етіп жүремін де. Өзен жағаласам өлмеспін, өлсем өлексем осы топырақта қалсын...
– Бізге қосыламысың? – Иса бұған алғаш рет тіл қатты.
– Жалғыз тентіреп жүргеннен жақсы ғой...
– Асықпа, ойлан, – деді Көлтай. – Кері жол жоқ...
– Мейлі, – Ыбырай басын тік қөтеріп, алысқа көз салды. – Сендермен біргемін!
Осыдан кейін жігіттер бұған аздан тамақ беріп, біраз әлдендіріп алды.
Көңілі жайланған Ыбырайды ұйқы айналдыра бастап еді. Маужырап отырып:
– Е, жарықтық, осы маңда кезінде жолбарыс болған екен, ә? – деді.
– Жолбарыс түгілі бұл маңда қазақ та қалмай барады, – деп Көлтай дүңк
еткен.
Ыбырай ұйықтап кетті. Көлтай оған ұзақ тесілді. Мұны біледі, барыс жылы кәмпескеге келген белсенділерге қарсылық көрсетіп Қарамыс байдың шаңырағы ортасына түскенде қарсылық көрсеткен бір топ адаммен бірге осы Ыбырайды да «контра» деп тұтқындап, Бақанастағы абақтыға қамаған еді. Ол кезде азын-аулақ малына тиіскен ауылнайды сілейте сабағаны үшін қамауда жатқан Көлтай «Кіші Қазанның» ыстық қазанына қуырыла бастаған ауыл-аймақтың хабарын сол тұтқындардан біліп, қатты ширыққан болатын.
Мұны сотқа апара жатқан жолда осы Естеміс пен Иса құтқарған еді. Балуан денелі екі жігіт тоғай арасынан ат ойнақтатып шыға келгенде мілисә боп қоқиып келе жатқан Тышқанбай мен Алдабергеннің есі шықты.Ат үстіндегі орыс нәшәндік тапаншасына жармасып жатыр еді Естеміс құйғытқан күйі бүріп түсіп, кәмәндірдің бақ етуге шамасы келмеді. Бұлар үш мілисәнің бар қаруын сыпырып алып, өздерін байлап, арба үстіне жатқызып кеткен болатын. Содан алты жыл өтті, осы өлкенің бар бәлшебегі Көлтайды іздеп жүр. Әсіресе ана Тышқанбай «Көлтайдың түбіне жетпей тынбаймын», – деп қатты ширығып алыпты. Ол қазір бөлім кәміндірі болып, айдарынан жел есіп тұрған көрінеді. Ал, басқа тұтқындардың жолы болмады, Қарамыс байдың түтіні ұлардай шулап итжеккенге айдалды, жалшы-малайлары түгел сотталып, абақтыға қамалды. Мына Ыбырай солардың бірі...
Көлтай аузы аңқиып жатқан Ыбырайды аяп кетті, тоз-тозы шығыпты. Жағасында биті өріп жүрген көйлегінің алқымынан ет қашқан ойдым-ойдым төс сүйегі мен арсиған қабырғалары көрініп тұр.
***
Жігіттер екі-үш апта тырп етпеді. Бұл жерден ұзап барып, азыққа аң аулап, қырғауыл, елік атып әкелгендері болмаса, еш қарекет жоқ, жатыр. Тек Көлтай мен Естеміс араға екі-үш күн салып, кезектесіп бір жаққа аттанады. Бір таңда Көлтайдың аты ақкөбік болып оралды. Оразбайды оңаша алып шықты да екеуі біраз күбірлескеннен кейін бұлар жолға жиналды. Естеміс берген торы атқа жарбиып алған Ыбырайдың бұл алғашқы тапсырмасы еді. Оразбайда үн жоқ, қалың қамысты қақ жарып бұқа мойны күжірейіп алда кетіп барады.
– Ау, Ореке, қайда барамыз?
– Бара көресің...
Осыдан кейін екеуінің арасындағы әңгіме үзіліп қалды. Қамыстан
шығып Құйғанға қарай бет алғанда Ыбырай ауыл аралармыз деп ойлаған, олай болмады, жеті-сегіз шақырымнан соң қайта қамыс ішіне кірді. Жүргіншіден гу етіп көтерілген маса мен сонаға таланған аттар пыр-пыр етіп, тура басып келеді, жолды білетін секілді. Бір кезде сопаң етіп ашық жерге шыға келгендерін Ыбырай байқамай да қалды. Ол жерде де қамыс күркелер тұр екен. Оразбай аттан түсіп:
– Қайрақбай, менмін! – деп дауыстап еді әр тұстан қамыс сыбдырлай
бастады. Бұлардың ту сыртынан:
– Ореке, ассалаумағалейкүм, – деген дауыс шыққан. Ыбырай селт ете
түсіп, жалт қарады. Арқа жақта қызыл өңді, дембелше келген, орта бойлы жігітмылтығын көлденең ұстап тұр екен. Саптама етігі, бір етегі белбеуге қыстырылған жеңіл шекпені бітіміне жарасып, жортуылдың адамы екенінен хабар беретіндей.
– Уағалейкүм.
Оразбай мен Қайрақбай амандасып болғанша әр тұстан оншақты жігіт
сопаң етіп шыға келген. Бірінде шиті, бірінде сарыауыз мылтық, қарулары ала-құла.
– Бері қараңдар, – деді Оразбай жігіттерді жиып алып, – Жағдай қиындап
барады. Көлекең Ақкөл жаққа барып қайтты, «сұмдық боп жатыр» дейді. Ақшабай қарияның үй-іші түгел аштан қырылып қалыпты. Бір ай бұрын ғана ет апарып бергенде «жарты дорба талқан қалған еді, жақсы болды» деп мәз боп қалып еді... Батыр көрші үйдегілердің де күп болып ісіп, иістеніп жатқанын айтып келді. Енді тоқтамай қимылдауымыз керек, жігіттер.
– Рас, Ореке, жаман хабар келіп жатыр. Елде аң ататын қару жоқ,
тышқанға тұзақ құрып тентіреп жүр. Жалғызілік жүрген адамды ұстап алса «бандылармен байланысың бар», – деп сорлатады екен. Өткенде Оңғар ағаны атып тастапты, әйтпесе бұл жердің қазағы ашыға ма... – деді Қайрақбай түйіліп.
– Тапсырма мынау, бүгін бірнеше аң атып, мүшелеп, тұздап, жел
қаптырыңдар. Содан кейін екі-үштен бөлініп, Қараой, Ақкөл ортасындағы ауылдарға таратыңдар.
– Жарайды, аға, тек...
Қайрақбай күмілжіп еді Оразбай тез-ақ іліп әкетті.
– Білеміз. Ана Алтаев дегеннің отрядынан басқа Алматыдан тағы бір
бөлімше келіпті. Кәміндірі Біләл деген біреу екен, тым қату көрінеді. «Көлтайды тауып бер!» – деп елдің апшысын қуырып бара жатыр дейді.
Оразбай Қайрақбайдың иығына қолын салып, жас жігіттерді бір шолып өтті. Көбі отызға да келе қоймаған,қорланған қарындас, кісі қолынан өлген әкенің намысын жыртып жүргендер.
– Жігіттер, сақ болыңдар. Бірақ шама келгенше аптасына екі рет
аттанып, елге азық жеткізу керек.Аштық үдеп, тұтас ауылдар қырылып жатыр, бала-шағаның да обалынан қорықпайды екен бұларың, – дегенде Оразбайдың даусы дірілдеді.
Қайрақбайлардан шыққаннан кейін Оразбай кері жолға түспей Жиделі жаққа тартты. Ыбырайда үн жоқ, соңынан ілесіп келеді. Өзеннің жіңішке саласына келгенде екеуі тоқтап сәл тыныққан.
– Жігіттерді неге бөлек отырғызғансыңдар? – деді Ыбырай жағадағы
ұсақ тасты суға лақтырып отырып. Ер-тоқымын түзеп тұрған Оразбай бір күрсініп алды.
– Оларға Көлтай керек, Естеміс, мен керекпін, Ыбеке, әскер кезігіп қалса
жас жігіттерді аң аулап жүрген жай қазақ екен дейді. Ал бізді бұл маңдағы әр ит танып алған. Оның үстіне қалың топ болмай бөлек-бөлек жүрсең жымың білінбейді...
Осыны айтып Оразбай атының айылын тартпаққа ыңғайлана берді де өзенге қарап:
– Астапыралла! – деді. Ыбырай басын жұлып алып еді, баяу ағыста қараңдап бара жатқанды көрді. Әуелде ажырата алмай анықтап қарап еді, шашы жайылған әйелдің өлігі екен. Одан кейін тағы бір мәйіт ағып өтті. Жаңа ғана өзі су ішкен өзеннен өлік ағып жатқанын көрген Ыбырайдың жүрегі көтеріліп, сол отырған жерінде лоқсып жіберді.
– Тездет! – деді Оразбай атына қарғып мініп. – Жақын маңда әке-шешем
отыр еді...
Екеуі арна жағалап шаба жөнелген.
Сәлден кейін қалың тораңғының ортасындағы қара үй көрінді. Бұлар ат басын тартып, құлақ түрді. Тып-тыныш.
– Сен осында қала тұр, – деп Оразбай аяң жүріспен үйге беттеген. Ыбырай оның аттан түсіп, үйге кіріп кеткенін анық көріп тұрды. Бір
мезетте сыртқа шығып, керегеге сүйеніп отыра кетті. Оразбай мұны да, тұтас дүниені де ұмытқандай, еш хабар бермейді. Тағаты таусылған Ыбырай сақтана отырып, үйге жақындап, аттан түсті.
– Не болды, Ореке?
Оразбайда үн жоқ, сұп-сұр болып көкжиекке қадалып қалыпты.
Ақырын ішке сығалаған Ыбырай шалының өлігін құшақтап отырған кемпірді көрді.
– Әкем ғой, – деді Оразбай осы кезде тістеніп. Ыбырай ішке кірді.
Қарияны қақ маңдайдан шапқан екен, жарты шекесі жоқ. Екі-үш күн өткен секілді, құмның аптап ыстығынан иістеніп, бұзыла бастапты. Ақселеу шашы дудыраған кемпірде тіл жоқ, екі көзі алақ-жұлақ етеді.
Оразбай мен Ыбырай шал сүйегін қаусыра құшып алған кемпірден әзер алып, үй жанынан белден келер шұңқыр қазды да, соған көмді. Осы кезде ғана әйел дауыс шығарды. Дауыс болғанда да:
– А-а-а! А-а-а! – деген қорқынышты үн ғана.
– Сен жігіттерге аттан, – деді Оразбай. – Көлекеңе айт, мені сөкпесін,
іздемесін, енді таппайды. Мен шешемді алып басым ауған жаққа кетемін. Жел қуған ебелекке де бір сай кезігеді ғой, маған да пана табылар мына даладан. Ыбырай үнсіз басын шұлғыды.
Ол қосынға қараңғыда оралды. Көлтай оның бұл жүрісінен тіксініп қалып еді.
– Оразбай қайда?
Ыбырай болған оқиғаны бастан аяқ айтып берді. Көлтай көпке дейін үнсіз отырып, бір мезетте:
– Иманды болсын, – деп бет сипап, орнынан тұрып кетті.
***
Екі күннен кейін елең-алаңда ат дүбірінен оянды. Бұл ұшып түрегелгенде күркелер ортасында состиып тұрған Көлтайды көрді. Атты Қайрақбай екен.
– Аға, тезірек кету керек, отыз қаралы әскер тура осылай салып келеді.
Біз бытырап, әзер құтылдық.
– Тез! Тез, атқа қоныңдар!
Бұлар лезде жиналып, Көлтай қамыстың басқа бетіне қарай
бастады. Жүз қадамдай жүрген соң алдарынан доңыздар таптаған сүрлеу шықты да соған түсіп жүріп отырды. Ыбырай бір айдан бері бұл жерде соқпақ барын қалай байқамағанына қайран қалды. Төрт жігіт осы сүрлеуменен айналып сыртқа шыққанда бұлардың қосыны болған жерден шаң-шұң орысша боқтық естіліп жатыр еді.
– Былғары күрте ме? – деді Көлтай Қайрақбайға қарап мырс етіп. Бұлар
Алтаев деген мұрты едірейген комиссарды солай атайтын.
– Сол.
– Атасының басын ұстасын! Кеттік, жігіттер, – деп Көлтай атын
тебініп шаба жөнелді. Милиция жасағы қамыс ішінен шығып, жинақталып үлгергенше бұлар ұзап кетті. Қуғыншылар біраз далбақтап қуған болды. Сарыесік-Атыраудың сары құмына тартқандарын көріп, тоқтап қалды. Бұлай беттемейді. Алматыдан келген әскердің бірнеше мәрте аузы күйген. Бір жолы Алтаевтың әскері қырылып қала жаздап әзер оралған.
Ол кезде Көлтай мен Естемістің үстінен түсе жаздап еді. Бұлар Бетпаққа салды. Жаңа келіп, желігіп жүрген командир отрядын бастап, қыр-соңынан қалмады. Бұлар да аса ұзап кетпей алыстан қараңдап, қаша берді. Иіржалға дейін теңдетіп ілестіріп отырды да бұл маңның әр шұқырын білетін екі жігіт сағымдай ғайып болды.Көлтайдың есебі дөп шығып еді. Үйренбеген жылқыға құм ішімен жиырма-отыз шақырым далақтау өлімге тең. Алтаевтың әскері кері жол таба алмай адасып, біраз жылқысы шөлден өліп, азып-тозып Бетпақтың шеңгелінен әзер сытылыпты.
***
Көлтай жігіттерінің басын қайта жинай алмады. Осыдан екі апта өткенде Біләл кәміндір дегеннің қуғынына ұшырап, тағы құм ішіне кіріп құтылды. Тықыр таянғанын сезген қасқырдай Иса, Ыбырайлардың қабағы салыңқы. Балаң мінез Қайрақбай ғана бұлардың қасына ілескенін мәртебе көріп, оны-мұны айтып күлдіріп қояды. Жігіттер Иірдің Балқашқа құяр тұсына барып біраз уақыт бас сауғалап, тек күздің қара суығы сезіле бастағанда Құйған жаққа оралды. Екі-үш күн тыныққаннан кейін Көлтай Қайрақбайды оңаша шығарып, жұмсап жіберген. Ол таңда оралды. Екі езуі екі құлағында:
– Сүйінші, аға, сүйінші! – деп ыржиып тұр.
– Ай, Алла-ай, қалағаныңды ал, Қайрақжан, қалағаныңды, – деп Көлтай
беліндегі күмістелген белдігін кездігімен қоса шешіп, Қайрақбайға ұстата берген.
– Ал, айт...
– Ұл, аға! Жарты ай бопты...
Көп айдан бері тоқтаусыз түз кешіп, құм кешіп, тағыша жортып,
жабыққан жігіттер үшін Көлтайдың қуанышы қара бұлттан жарқ еткен жасындай әсер етті. Бір-бірін құшақтап, құтты болсын айтысып, мәре-сәре болысты.
– Жігіттер, – деді Көлтай. – Ат үстінен түспегеніме алты жыл болды,
мен қашқын атанғанда туылған күшікті әке болып мейірленіп бір иіскей алмадым. Ол мені танымайды. Жол түскенде ылғи ұйықтап жатады.
Көлтайға әлдебір ыстық сезім лықсып келген, өзін әзер тежеп:
– Мына жаманды барып иіскейін, ә?! – деп күліп жіберді.
Иса:
– Еметайым езіліп тұр де, батырым. Бар, бар, – деп Көлтайды арқадан
қақты.
– Ай қарап, қамыс ішінде доңыз қуалап жүре бермей, бізге де өнетін
жерге дән егіп кету керек еді, – деп Ыбырай ойын қыстырып қалды. Тек Естеміс ойланып тұрып:
– Сәл сабыр етсең қайтеді, аңдушы да, сатқын да көп, – деп еді Көлтай:
– Жо, барам, досым, ренжіме. Балқияны да көрмегелі 4-5 айдың жүзі
болды, дәл сол маңға Былғарың жолай қоймас.
Өз үйі аңдулы болғандықтан Көлтай Іленің Балқашқа құярлығындағы
әртел, қалқозға қосыла қоймаған балықшы ауылдардың біріндегі Балқия деген қызбен көңіл қосып еді. Мұны өзім дегеннен басқа ешкім білмейді, тіс жарған емес. Ұлы қуаныш үстінде ғана айтып тұр. Бұл әңгіменің шеті жетсе Тышқанбайлар ештеңеден именбес. Әуелде бәйбішесін қамап қойып, мұны сол арқылы ұстамақ болған екен ауыл шалдарының айғайынан, ағайынның назасынан қорқып, беті қайтыпты. Ал, шалғайдағы Балқияны білсе...
– Мен таңмен аңға шығайын, елік атып, төменгі ауылға түсем, ал арғы
күні түнде бәрің келе қалыңдар. Жаманымның шілдеханасына бір-бір жілік тартайын сендерге, – деп Көлтай кесімді сөзін айтты.
Ертеңіне Көлтай аңға кеткен соң жігіттер де өз шаруаларына кірісті. Естеміс пен Иса құм арасын үңгіп қазып, Ыбырай мен Қайрақбай атқа сексеуіл отап әкеліп, шегендеуге көмектесті. Құмның суық түніне күрке қауқар болмай бара жатқандықтан жігіттер жеркепені кең, қысқы баспанаға жарайтындай етіп жабдықтауға кіріскен еді. Мұны бітірсе жанынан тағы бірін қазбақ. Иса шебер екен, арбиған сексеуілді өре тастап, жеркепенің төбесін де жапты. Қайрақбай отап, Ыбырай тасып, қалың қамыспен үстін бастырып, топырақпен көмді.Кеш батқанша жігіттердің сілесі қатқан. Жұмақтай көрінген жеркепе ішіне сүріне құлағанда бәрі де жар иісін,отбасы жылуын қатты сағынғандарын сезінді. Одан соң мына аласапыран дүниені ұмытқандай бейкүнә ұйқыға кетті.
Таң алакеуімде Естеміс бірінші оянып, жинала бастады. Иса басын көтеріп:
– Қайда барасың? – деп еді бұған қайырылып: – Көлтайдыкіне құр қол
барғанымыз жарамас, сорпа-суына бір-екі қырғауыл ұстайын, – деді. Аңдушы көп болғандықтан жігіттер бейберекет мылтық атпайтын болған, оқ-дәрі де санаулы.
– Жөн екен, мен де барайын. Екеулеп тұзақ құрсақ тезірек болар, – деп Иса да жиналды. Екеуі сыртқа шығып кетті.
Бұлар кепеге түс ауа бір-ақ оралды.Ұзақ ұйқыдан беті домбығып, алаңқайда керіліп-созылып жүрген Қайрақбай бұларды көріп:
– Келдіңіздер ме, Ыбекең қайда? – деді. Естеміс бойын жиып ала қойған.
– Қашан тұрдың?
– Жарты сағаттай боп қалды...
Иса Естемістің ойын түсіне қойды:
– Жаман ойлама. Осы маңда жүрген шығар...
– Өткенде Оразбайды тастап, түнқата оралғанда секемденіп ем...–
Естеміс тағы бір ойдың ұшын шығарды.
– Рас-ей, – деді аңғал Қайрақбай бұларға таңырқай қарап. – Содан екі
күн өткенде мілиса төбемізден түскен жоқ па?
– Сабыр, жігіттер, күтейік, – деді Иса көп айдан бері серік болған
адамды қимай. Үшеуі жанын қоярға жер таппай біраз отырды.
– Кеше кеште Балқияның үйін сұрауы жаман еді, – деді бір мезетте
Қайрақбай күңк етіп. Иса шоршып түсті.
– Айттың ба?
Қайрақбай басы салбырап, көзімен жер шұқыды. Естеміс пен Иса тұра
сала жеркепеге жүгіріп, мылтықтарын алып, аптыға аттарына міністі. Қайрақбай да соңдарынан ілескен. Үшеуі қамыс арасынан шығып, балықшылар ауылына қарай шаба жөнелісті. Ауылға төрт-бес шақырым қалғанда Естеміс қамысқа қарай салды. Жапырып біраз жүрген соң алдарынан ескі соқпақ шықты. Екеуі Балқияның ауылына бір барғанында мұны Көлтай көрсетіп еді. «Бұл баяғыдағы жолбарыстардың жымы болса керек. Кең еді. Қаулай өскен қамысты осы жымды жол етіп алған қабан, елік жапырып тастайтындықтан сақталып тұр. Мен де осы арқылы ауылдың төбесінен түсемін », – деген болатын.
Біраз жүрген соң Естеміс жаяуланып, бұларға сөйлемеңдер, аттан түсіңдер деген белгі берді. Үшеуі ауыл маңына дейін мысықтабандап жүріп отырды. Жете бере:
– Жолдыбаев,беріл! – деген айғайды естіді.
– Үлгермедік, – деді Естеміс бұларға сыбырлап. Қайрақбай мылтығын
оңтайлап еді, Иса асықпа дегендей білегінен қақты. Сөйтіп өзі алға қарай жалғыз кетті. Қиыстап барып ауыл жақты қарады да қайта оралды.
– Түк істей алмаймыз. Отряд ауылды түгел қоршап алыпты, – деді.
Осы кезде үй ішінен Көлтайдың айғайы естілді.
– Әй, Тышқанбай, атпаңдар, қатын-бала шошынады! Шығам, атпаңдар!
Естеміс қасындағы екеуге бұйыра сөйледі:
– Тез! Кетіңдер!
Иса бірдеңе демек еді, «Кет дедім», – деп ызбарланды. Ана екеуі амалсыз аттарына беттегенде бұл мылтығын оңтайлап, жаңағы Иса барған тұсқа қарай бұқпантайлады. Естеміс үш соқпа тамның қамысқа жақын тұрғанын қоршай жатқан солдаттарды анық көрді. Анадай жердегі арба түбіне тығылып жастау офицер отыр. Іштей «дәуде болса Біләл деген сен боларсың», – Естеміс оны қарауылға ала берген. Осы кезде соқпа тамның есігі шалқасынан ашылып, іштен қолын көтеріп Көлтай шықты. Қоршап жатқан солдаттар біртіндеп көтеріліп, Көлтайға еппен жақындай бастаған. Арғы тұстан Тышқанбай тұрып, алшаң басып келіп, Көлтайды желке тұстан мылтық дүмімен салып кеп жіберіп еді, ес-түссіз құлады.
– Нәшіндік жолдас, банды Көлтай тұтқындалды, – деді Тышқанбай
Біләлға жарамсақтанып. Ызалы Естеміс мылтығының ұңғысын солай қарай бұра берген. Осы кезде қалыстау тұрған Ыбырайды байқап қалды. Киім ауыстырып, үсті бүтінделгендіктен ә дегеннен көзге түсе қоймапты.
Естемістің мылтығы шаңқ етті. Ыбырай кеудесін ұстап, шалқақтай берген. Отряд бұрыла салып, мылтық үні шыққан қамыс жаққа оқ боратты. Содан кейін Тышқанбай мен бір топ милиция солай жүгірді. Екі-үш оқ қатар тиген Естеміс сол орнында жантәсілім етіпті.
– Арам қатты, иттің баласы, – деді Тышқанбай жерге бір түкіріп.
***
Елге сабақ болсын деген пиғылмен аудан милициясын алты жыл салпақтатқан атақты Көлтай бандыны Бақанасқа, жиналған халықтың алдына қол-аяғын қайыра байлап, мойны мен аузына арқан тартып, жаралы қасқырша қырылдатып, арбамен әкелді. Түрмеден қашқан Ыбырайды «Жазадан құтылғың келсе көмектес», – деп Көлтайдың тобына қосылуға көндірген милиция бастығы Николай Разумовский еді.
Серік САРЫБАЙ, журналист