Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері дамудың даңғыл жолына түсіп, әлемдегі дамыған елдермен терезесін тең ұстап, өзінің татулық-бірлігімен экономикасын, мәдениетін дамытты, әлеуетін арттырды. Ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртып, барша әлемге танытты. Қандай саланы алып қарасақ та жаңа заманға сай өрлеу, жаңару, өсуді байқауға болады. Солардың қатарында мұрағаттар саласының да өзіндік өзгерісі, ел тарихының қойнауын құнды құжаттарға толтырып отырған үлесі бар.
Биыл аудандық архив мекемесінің құрылғанына - 35 жыл толды. Осынау айтулы мерекеге орай осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық кітапхананың оқу залында «Тарихи мекеменің тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мәдени шарада алғашқы сөз кезегін алған Алматы облысының мемлекеттік архиві мекемесінің Балқаш филиалының директоры Ақто-ты Айнақұлова 35 жыл тарихы бар аталмыш мекеменің құрылуы және осы уақыт ішінде атқарылған жүйелі жұмыстары жайында қысқаша баяндама жасап шықты. Баяндама барысында Ақтоты Мұхтарханқызы осы жылдар бедерінде тарихи мекеменің тасының өрге домалауына сүбелі үлесін қосып, басшылық қызмет атқарған Райгүл Дулатбаева, Зәмзагүл Жылгелдиева, Ардақ Ормышева және Ғалия Исаевалардың есімдерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар жоғарыда есімдері аталған азаматшалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып жүргенін тілге тиек етіп, архивтегі әр құжатты мұқият сақтап, оларды ұрпақтан-ұр-паққа аманат ететін архив қызметкерлерінің еңбегі орасан зор екеніне баса тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Гүлзат Сәлімжанова «Қай елдің болмасын қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатыны белгілі. Уақыт еншісіндегі байлықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, оны тиісінше сақтау және қоғам мүддесіне пайдалануды ұйымдастыру архивтер мен архившінің мақсаты. Ал сол мақсатты біздің архившілер абыроймен атқарып келе жатқанына кәміл сенеміз. Шындығында да тарихты жасайтын - халық, сақтайтын - архив. Олай болса архив, архивтік құжаттар қай кезде де маңыздылығын жоғалтпайды» деп аудандық архив мекемесінің 35 жылдық мерекесімен құт-тықтап, Алматы облысының мемлекеттік архиві мекемесінің Балқаш филиалының директоры Ақтоты Айнақұловаға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар Ақтоты Мұхтарханқызы мен Замира Ержанқызын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мәдени шараға арнайы шақырылған Бақанас ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұқанғали Қожабеков, Ұлы Отан соғысының ардагері Сейткерім Алтынбаевтың қызы Камила Сейткерімова және аудандық кітапхана директоры Қаракөз Жұмаділова сөз кезегін алып, өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін білдірді.
Тарихи құжаттарды қаз қалпында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан мекеменің 35 жылдық мерекесінде аудандық Мәдениет үйінің әншісі Алмабек Садықов әннен шашу шашып, мәдени шараның көрігін қыздыра түсті.
Өңіріміздің өткен тарихын көз алдымызға келтіріп, болашаққа қызмет жасайтын мекеме ол – архив. Сондықтан да архивтің ел өмірінде алар орны ерекше. Өйткені аталмыш мекеме адамның, қоғамның және мемлекеттің басқару қызметінің сенімді серігі, керек деректі дер кезінде жинақтап, ақпаратты сақтаушы, жеткізуші мекеме.
Дана халқымызда «Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ» деген тәмсіл бар. Шынында да өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Осы ретте архив ісіне жүктелетін жауапкершілік жүгі орасан.
Ендеше ауданымыздың әр кезеңдегі тарихи оқиғалары, қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық бағыттары жөніндегі құнды құжаттары, белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлерді сақтап, келешек ұрпаққа жеткізетін архив мекемесінің тарихы бұдан да әрі тереңдей беруіне тілектес болайық, ағайын!
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».